Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облыстық балалар ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмысын аяқтау бес жылға кейінге шегерілді

Жарияланған күні:

Аурухана іші
Аурухана іші. Көрнекі фото: gov.kz

Қостанайда күрделі жөндеуіне 3 млрд теңгедей қаржы бөлінген облыстық балалар аурухасындағы жұмыс бес жылға созылғалы тұр. Аурухананы енді Антикор тексеріп жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Қостанай облыстық балалар ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылы басталды. Өңір халқы сағызша созылған құрылыс биыл аяқталар деп үміттенген еді. Алайда жөндеу жұмыстарын тәмамдау мерзімі тағы кейінге ысырылды.

"Мердігер компания мен медициналық мекеме арасындағы келісімшарт бұзылды. Бүгінде бұл іспен Антикор айналысып жатыр", - дейді Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.

Облыстық балалар ауруханасының күрделі жөндеуіне республикалық бюджеттен 2020 жылы 1 млрд 200 млн теңге бір бөлінді. Міндеттемелерін аяқтап қалғанда мердігер мен тапсырыс беруші келіспей, соттасқан. Сол дау-дамай бірнеше жыл бойы шешілер емес. Жөндеуді жандандыру үшін облыстық бюджеттен биыл тағы 1,5 млрд теңге бөлінді. Барлық сомасы 3 млрд теңгедей қаражат бөлінсе де жөндеу жұмыстары шет-шегіне жетер емес. Қомақты қаржы құйылып жатқан нысанды Антикор нысанаға алған. Қылмыстық іс қозғап, қаржының есебін жүргізіп жатыр.

"Сондай-ақ бүгінде құрылыс сот сараптамасының күтіп отырмыз. Соның нәтижесі бойынша жасалған жөндеу жұмыстарының көлемі анықталуға тиіс. Содан кейін жөндеуді аяқтауға қатысты шешім шығарылады", - дейді Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.

Құрылыс сот сараптамасының нәтижесі қыркүйек айында шығуы керек. Ал одан кейін істі Антикор тексереді. Сондықтан жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Дәл қазір қашан жалғасатыны да белгісіз.

Автор: Айнұр Нұрмағанбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162415-qostanai-oblystyq-balalar-auruhanasyndagy-kurdeli-zhondeu-zhumysyn-aiaqtau-bes-zhylga-keiinge-shegerildi/