Алматыда референдум туралы заңнаманы бұзған 4 адам айыппұл арқалады
Жарияланған күні:
Алматыда заң талаптарын бұза отырып, атом электрстанциясының құрылысы бойынша қоғамдық пікірге сауалнама жүргізген жеке және заңды тұлғалар анықталған. Бұл туралы Бас прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қадағалаушы органның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Алматы қаласының прокуратурасы жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының талаптарын сақтамай атом электрстанциясының құрылысы бойынша қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу фактілерін анықтаған.
"Нәтижесінде 4 құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл арқалады.
Қала прокуратурасы қоғамдық пiкiрге сауалнама жүргiзу тәртiбi "Республикалық референдум туралы" және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарымен реттелетінiн түсiндiредi", - делінген прокуратура хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура өкілдері АЭС салу бойынша референдумға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасап, республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуге тиіс екенін ескерткен еді.
"Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға рұқсат етілмейді", - деген еді қадағалаушы орган өкілдері.
Оны сақтамау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісінше 102, 113 және124-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162725-respublikalyq-referendum-turaly-zangnamany-buzgany-ushin-4-adam-zhauapqa-tartyldy/