Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Лауазымды қызметкерлер автобуспен жүріп көрсін": шымкенттік тұрғындар қоғамдық көліктерге шағымданды

Жарияланған күні:

Автобус іші
Автобус іші. Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкент тұрғындары қоғамдық көлікпен жүрудің қиындап кеткенін, күніне 70 мың оқушы қатынайтынын айтып, мәселені шешуді сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Телеарнаның ресми сайтында хабарланғандай, Шымкент — Қазақстанның ең үлкен қаласы. 1170 шаршы шақырым. Аумағы жағынан Астана мен Алматыдан да үлкен. Демек, қаланың шет-шетінен қала орталығына, бір бұрышынан екінші бұрышына жету де оңай емес. Ал Шымкенттің қоғамдық көлігімен жету тіпті қиын.

"Шымкент әкімі мен әкімдіктің шешім қабылдау құзіретіне ие барша лауазымды қызметкерлеріне таңертең қала шетінен жұмысқа автобуспен барып, кешкісін автобуспен қайтуды ұсынамыз. Олар сонда өздерінің нағыз мемлекеттік қызметкер екенін көрсетіп, Шымкент жұртшылығының қоғамдық көлік пайдаланатын бөлігі күн сайын автобусқа мінерде қалай қиналып, қандай азапқа түсетінін сезінер еді. Халықтың жағдайын, қаланың қоғамдық көлік проблемасын жеңіл көлікте отырып сезінуге әсте болмайды", - дейді тұрғындар.

Таңертең автобусқа сыймай, жолдан қалып қоятындар, сыйса да, аузы-мұрнына шыға толған автобус ішінде қысылып қиналатындар, бір автобусты сағатқа жуық күтетіндер, ауыр сөмкесін арқалағаны аздай, лықа толы автобусқа сыймай аялдамада ұзақ уақыт тұратын оқушылар, әйтеуір әупірімдеп ілініп мінсе де іштегі ересектердің табанының астында тапталып қалуға сәл қалатын балалар. Міне, мұның бәрі Шымкент қоғамдық көлік саласының жолаушылары күн сайын күтіп тұратын қиындықтар.

Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов Шымкентте күн сайын 70 мың оқушы қоғамдық көлікпен қатынайтынын айтқан.

Тағы бір мәселе — 2020 жылғы күзде Шымкенттің қоғамдық көліктерінде электронды төлем жүйесі енгізілді. Кейін кондукторларды алып тастады. Жолақыны Tolem картасымен, QR-кодпен, SMS-пен төлейтін болды. Содан бері 4 жыл өтсе де, әлі күнге жүргізушілер автобусқа мінген жолаушыдан қолма-қол төлем жасауды не жеке есепшотына ақшалай аударым жасауды ұсынып, өтініп жатады. Тіпті қолма-қол төлем жасауды талап етіп, автобус есігін ашпай қойған жағдайлар да ұшырасты.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері бұл жағдайдан хабардар екенін, сондықтан да қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін жетілдіру үшін жаңа Avtobus ECOP жүйесі іске қосылғанын, бұл жүйе арқылы төлемнің барлық түрлері: QR, Bluetooth, банк картасы, смс, карта арқылы қабылданатынын мәлімдеді. Тіпті қалада қолма-қол ақшамен төлеу жүйесін мүлдем алып тастау бойынша қаулы жобасы әзірленіп, талқыланып жатыр екен.

"Жүргізушілер қолма-қол ақша қабылдап түбіртек таратпаған жағдайда 623-бапқа сәйкес жүргізушіге айыппұл салынады. Қазір автобус жүргізушілерінде жоспар (план тапсыру) жоқ. Қолма-қол берілген ақшаға жүргізушілер түбіртек береді. Жолаушылар қолма-қол қаражатпен төлеген жағдайда түбіртекті талап етуді сұраймыз. Жүргізушілердің айлығы қаламыздың орташа айлығымен салыстырғанда көп", - деді басқарманың Қоғамдық көлік бөлімінің бас маманы Самат Нұржанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162818-lauazymdy-qyzmetkerler-avtobuspen-zhurip-korsin-shymkenttik-turgyndar-qogamdyq-kolikterge-shagymdandy/