Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Референдумға қатысты ақпараттық жұмыстарға Қайрат Нұртасты тарту қаншалықты орынды: депутат жауап берді

Жарияланған күні:

Қайрат Нұртас
Қайрат Нұртас. Фото: Instagram/kair_n

Желіде әнші Қайрат Нұртастың АЭС-ті қолдайтыны туралы видео жарияланды. Осыған қатысты журналистер Amanat партиясының атқарушы хатшысы, мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтан АЭС-қа қатысты эксперттерден емес, Қайрат Нұртастан пікір алуға не себеп болғанын сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Instagram-дағы Aes_referendum2024 парақшасында әнші Қайрат Нұртастың Қазақстанда АЭС салуды қолдайтыны туралы видео жарияланған. Видео Amanat партиясының Шымкент қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен түсірілген.

Осыған байланысты журналистер Amanat партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаевқа сауал қойды.

"Өңірлік штабтың өзінің ұсынысы осындай болды. Қайрат Нұртастың өзінің аудиториясы бар, оған күлетін аудитория болса, оны күтетін, құрметтейтін, жақтайтын аудитория бар шығар", - деді ол.

БАҚ өкілдері Бейсенбаевтан осындай ақпараттық жұмыстар АЭС-ке қатысты халықтың күдігін күшейтпей ме деп сұраған.

"Қандай күдік туралы айтып отырсыз. Халықтың 70-80 пайызы қолдап отыр. Қаншама кәсіпкерлер энергия таппай отыр", - деді ол.

Ол сондай-ақ АЭС-ті түсіндіру бойынша ертеңнен бастап аймақтарға шығатынын айтты.

"Ертеңнен бастап өңірлерге шығамыз. Үлкен жобалар болған кезде мәжіліс депутаттарының жұмысы оны халыққа түсіндіру. Тек АЭС қана емес, өңірлердегі өзекті мәселелерді де тыңдап қайтамыз", - деді Бейсенбаев.

Еске салсақ, 2 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысы бойынша 6 қазанда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

3 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының отырысында АЭС салу бойынша референдум өткізудің күнтізбесі бекітілді.

Сондай-ақ бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы өкілдері Қазақстанда АЭС салу бойынша референдумды ұйымдастыруға және өткізуге 15,5 млрд теңге жұмсалатынын мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2162961-referendumga-qatysty-aqparattyq-zhumystarga-qairat-nurtasty-tartu-qanshalyqty-oryndy-deputat-zhauap-berdi/