"Мал ұстау, көршілердің қалдықтарды өртеуі": Шымкентте экологиялық талап сақтамағандарға 170 миллион айыппұл салынды
Жарияланған күні:
Шымкентте тұрғындар арасында экологиялық арыз-шағымдар көбейген. Оның қатарында тұрғын үйлер арасында мал ұстау, көршілердің қалдықтарды өртеуі, түнгі мезгілде қала аумағында жағымсыз иістің шығуы секілді мәселелер бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Телеарнаның ресми сайтында хабарланғандай, Шымкентте 8 айдың ішінде 23 экологиялық тексеру жүргізілген. Оның ішінде профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер де бар. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 55 әкімшілік іс қозғалып, 48 іс бойынша 170 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қазіргі уақытта бір іс сот қарауында болса, тағы екі іс полиция департаментіне жолданған.
"Тексерістер нәтижесінде 55 әкімшілік іс қозғалып, оның 48 әкімшілік іс бойынша 171 млн теңгеден астам айыппұл салынды. 1 әкімшілік іс сотта қаралуда. Бұл күкірт шикізатына қатысты. 2 әкімшілік іс бойынша қылмыстық құрамы бар-жоқтығына қатысты Шымкент қалалық полиция департаментіне іс-құжаттар қаралып жатыр", - деді Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.
Сондай-ақ қалада тамыз айының өзінде рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын 14 орын анықталған. Экология департаменті тексеру жүргізіп, қоршаған ортаны қорғау мәселесі бойынша тиісті жұмысын лайықты деңгейде атқармаған лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды.
Маман қаладағы ауаны ластайтын кәсіпорындар жөнінде де сөз қозғады. Қазіргі таңда Шымкент ластанудың көтеріңкі деңгейінде тұр. Тексеру барысында анықталған негізгі бұзушылықтар: экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеу, ластаушы заттарды қондырғысыз, фильтрсіз ауаға тастау, рұқсат етілмеген ластау көздерін пайдалану. Бұзушылықтар қаладағы ауа сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырады, дейді департамент басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2163162-mal-ustau-korshilerding-qaldyqtardy-orteui-shymkentte-ekologiialyq-talap-saqtamagandarga-170-million-aiyppul-salyndy/