Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда мас күйде көлік жүргізгендер енді 8 жыл бойы емтихан тапсыра алмауы мүмкін

Жарияланған күні:

Көлік жүргізуші
Көлік жүргізуші. Көрнекі фото: pixabay.com

Сенатта Қазақстандағы жол қозғалысына қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Оның ішінде мас күйде көлік жүргізгендерді емтихан тапсыруға жібермеу туралы ұсыныс та бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"ӘҚБтК-нің 608 (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) немесе ӘҚБтК-нің 613-баптары (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдарға қатысты тиісінше жеті немесе сегіз жыл бойы көлік құралдарын басқару құқығын алуға емтихандар тапсыруға жіберуге тыйым салу енгізіледі", - делінген заңға енгізілген түзетулердің бірінде.

Сонымен қатар көліктерге "орташа жылдамдық" ұғымын енгізу және оны есептеу тәртібін бекіту ұсынылған. Орташа жылдамдық халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығын көліктің жүрген уақытына бөлу арқылы анықталады.

Қылмыстық кодекске мопедтерді "басқа механикалық көлік құралдары" ұғымына жатқызу туралы түзету ұсынылып отыр. Ал "Жол қозғалысы туралы" заңға енгізілген түзетулерде мопедтерді мемлекеттік тіркеуден міндетті түрде өткізу қарастырылды.

Бұған дейін тамызда Ақтауда жол ережесін бұзған жүргізушіні бірнеше полиция көлігі қуып бара жатқан сәттің видеосы тарап кеткен. Жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізіп келе жатып, екі апатқа түскен. Кейін оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал шілдеде Өскемендегі мас күйде көлік жүргізген полиция қызметкері 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Оның кінәсі іс материалдарымен, медициналық куәландырудың қорытындысымен және бейнежазбамен расталды.

23 шілде Ақтөбе облысында полиция қызметкері мас күйде велосипедші мен қасындағы адамды қағып, мерт қылды. Оқиғадан кейін көлік жүргізушісі қамауға алынды. Қызметтік тексеріс жүргізіліп, 7 жауапты қызметкер, оның ішінде тікелей басшылар қызметінен босатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2163370-qazaqstanda-mas-kuide-kolik-zhurgizgender-endi-8-zhyl-boiy-emtihan-tapsyra-almauy-mumkin/