"Алтын іздеген": Ақмола облысында із-түссіз жоғалған мектеп оқушысы шахтадан табылды
Жарияланған күні:
Читать на русскомАқмола облысында полицейлер Бестөбе ауылындағы шахтаның төменгі қабатына түсіп кеткен 17 жастағы жасөспірімді тауып, үйіне қайтарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Polisia.kz медиа-порталының ақпараты бойынша, 16 қыркүйекте Степногорск полициясына 17 жастағы жасөспірім жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Мұғалімдер 11-сынып оқушысы 13 қыркүйектен бері сабаққа келмеді деп дабыл қаққан.
Полицейлер жігітті іздеуге кірісіп, достарымен де, туыстарымен де сұқбат жүргізген.
"17 қыркүйекте оқушы Бестөбе ауылында екені және шахтаның төменгі қабатына түсіп кеткені анықталды. Кәмелет жасына толмаған адам табылып, туыстарына аман-есен тапсырылды", - делінген хабарламада.
Жасөспірім полицейлерге шахтаға түсіп, алтын іздегенін айтқан.
Кәмелет жасына толмағандарды тәрбиелеу, құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін оқушының ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Оқушыға күзетілетін нысанға заңсыз кіргені үшін айып тағылды.
Полицейлер ата-аналарды балаларының қайда жүргеніне бақылауды күшейтіп, қауіпсіздік мәселесінде қырағы болуға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2163741-altyn-izdegen-aqmola-oblysynda-iz-tussiz-zhogalgan-mektep-oqushysy-shahtadan-tabyldy/