Астанада LRT тіректерін тұрғызу жұмыстары аяқталды
Жарияланған күні:
Астанада LRT тіректерін тұрғызу жұмыстары 100 пайызға аяқталды. "City Transportation Systems" компаниясының мәліметінше, жоспарланған 799 тіректің барлығы орнатылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"CTS" ЖШС өкілдері Instagram-дағы ресми парақшасында жеңіл рельсті транспорттың (LRT) 22 километрлік эстакадалық жолының құрылысы аяқталғанын мәлімдеді. Берілген ақпаратқа сәйкес, жоспарланған 799 тірек орнатылған, бұл жұмыстарға 2,5 мың адам тартылған.
Компания өкілдерінің мәліметінше, тіректерді орнатуға 53,7 мың текше метр бетон және 42 мың тонна арматура жұмсалған.
"Тіректің төменгі бөлігінің ені – 2-2,4 метр, жоғарғы бөлігінің ені – 6,8 метр, биіктігі трассаның рельефіне байланысты – 5-тен 18 метрге дейін. Бір тіректің орташа салмағы 200 тонна болады", - деді компания өкілдері.
2022 жылдың қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев LRT жобасы қазақстандықтарды алаңдатып қана қоймай, ашуландыратынын мәлімдеген еді.
Сол жылдың қыркүйегінде сол кездегі Астана әкімі Алтай Көлгінов елордадағы жеңіл рельсті транспорт құрылысын аяқтау туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Кейін қаржы министрлігі LRT-ны қандай қаражатқа аяқтайтынын түсіндірді. Қазан айында премьер-министр Әлихан Смайылов Астанада LRT құрылысын жалғастыруға тағы 20 млрд теңге бөлінгенін айтты.
Өткен жылы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бұл жобаға жүздеген миллиард теңге қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Astana LRT құрылысы кезінде болған ұрлықтарға қатысты 2020 жылы тергеу басталған. Кейін сот процесі басталды. 2021 жылдың қаңтарында Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке іздеу жарияланды.
Сол жылдың мамырында жеті айыпталушы 7-ден 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 5,8 миллиард теңге көлемінде шығынды өтеу міндеттелді. Алайда сол жылдың күзінде сот үкімді бұзып, істі прокуратураға кері қайтарды.
2022 жылы іс бойынша елордада жаңа сот процесі басталды. Сонымен қатар сол жылдың мамыр айында Astana LRT жобасындағы 257 млн доллар көлеміндегі қаржы ұрлау ісі бойынша тағы бір тергеу басталғаны белгілі болды. Сол жылдың шілдесінже апелляциялық сот айыпталушылардың өтінішін қарады.
Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Astana LRT-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданды тергеуге шақырды. Айыпталушының Қазақстанда емес екені хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164084-astanada-lrt-tirekterin-turgyzu-zhumystary-aiaqtaldy/