Ақмоладағы ірі ауылшаруашылығы кәсіпорны өкілдері жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:
Ақмола облысының ауылшаруашылығы кәсіпорындарының бірі "Зеренді-Астық" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жер құжаттарына қатысты заңсыз алаяқтық әрекеттерге тап болып, ұзаққа созылған сот процестерін өткеріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған кәсіпорынның жерінің басым бөлігі – үлестік жерлер. Бұл оларды жеке тұлғалар компанияның жарғылық капиталына енгізген дегенді білдіреді. Басылымның жазуынша, кейбір үлескерлер жерді кәсіпорын құрамынан шығаруға әрекет етіп жатыр және солардың ықпалымен серіктестік құрамына шығу және жаңа ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын құру туралы жалпы жиналыс хаттамаларын рәсімдей бастаған. Бұл хаттамаларда азаматтың заңнамалар бойынша көптеген ақаулар жіберілген және олар сот шешімдерімен расталған.
2022 жылғы 5 сәуірдегі жиналыс хаттамасы Ақмола облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен 2023 жылғы 9 қарашада заңсыз деп танылса, 2023 жылғы 29 наурыздағы дәл осындай құжат Алматы облысы МАЭС шешімімен 2024 жылғы 13 тамызда күшін жойған.
Ауданның жер қатынастары бөлімі бұл хаттамалар негізінде жаңа құқық растайтын құжаттарды дайындаған. Оның қатарында жалдау шарты мен жерді пайдалануға құқық акті бар. Нәтижесінде ЖШС жерінің жартысына жуығынан айырылған.
Сонымен бірге кәсіпорын өкілдері 2023 жылы Зеренді ауданының әкімдігі "Зеренді-Астық" ЖШС-не хабар бермей және оның өкілдерінің қатысуынсыз жер комиссиясының отырысын өткізіп, жер учаскелерін басқа жер пайдаланушыларға беру туралы мәселені қарағанын мәлімдеген.
Бұл мәселеге қатысты Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов пікір білдірді.
"Жақында маған "Зеренді-Астық" ЖШС басшысының атынан мен өзімнің не өз бизнесімнің мүдделері үшін лобби жасап отырғаным жөнінде хат келді. Мен ресми түрде өзімнің ешқандай да мүддем жоқ екенін мәлімдеймін", - деді ол.
Қазіргі таңда серіктестік қатысушыларының 2023 жылғы 29 наурыздағы хаттамасы Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 13 тамыздағы шешімімен заңсыз деп танылып, күшін жойған.
Берілген актілер мен жалдау шарттарының негізінде "Зеренді-Астық" ЖШС-нен заңсыз жолмен тартып алынған егістікке жарамды жерлердің жалпы аумағы 18 959,01 гектар болып отыр, деп жазады басылым.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164147-aqmoladagy-iri-auylsharuashylygy-kasiporyndarynyng-birine-qauip-tonip-tur/