"Көпшілікке үлгі көрсетті": түркістандық жастар матчтан кейін cтадиондағы қоқысты жинап кетті (фото)
Жарияланған күні:
Түркістандық жастар футболдан Қазақстан Премьер лигасы аясында өткен "Қызылжар" – "Тұран" матчынан кейін стадионды тазалап кетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысының намысын қорғайтын "Тұран" командасы "Түркістан Арена" стадионында Петропавлдың "Қызылжар" ұжымын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голды ойынның 5-минутында тұрандық Никола Цукчич салды.
Осылайша, "Тұран" командасы 21-тур аясында өткен кездесуде 3 ұпай еншіледі. Қазір түркістандық команда 19 ұпаймен 11-орында келеді. "Тұранның" қатарынан 2 рет жеңіске жетуіне "Түркістан Арена" стадионына оралуы да әсер еткен. Екі ойында да стадионда жанкүйерлер қатары қалың болған.
"Тағы бір айта кетерлігі, ойыннан кейін Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің үйлестіруімен Түркістанның белсенді жастары стадионда тазалық жұмыстарын жүргізіп, көпшілікке үлгі көрсете білді", - делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Енді "Тұран" футболшылары 27 қыркүйекте Шымкентте "Ордабасы" командасымен кездеседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164885-kopshilikke-ulgi-korsetti-turkistandyq-zhastar-matchtan-keiin-ctadiondagy-qoqysty-zhinap-ketti-foto/