Қостанайда әскери комиссариатқа шақырылған азаматтардың жартысынан астамы келмеген
Жарияланған күні:
Еліміздің басқа өңірлеріндегідей Қостанай қаласында да отан алдындағы борышын өтеуге ықылассыз азаматтар саны артып барады. Қорғаныс істері жөніндегі басқарма өкілдері мұның себебін соңғы кездері БАҚ-та жаппай жарияланып жатқан жағымсыз материалдардан көреді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қостанай қаласында биыл күзгі әскерге шақыру алдында әскерге шақырушыларды зерделеу мақсатында 488 адамға жергілікті әскери органға келу жөнінде хабарлама жолдаған. Соның 222-сі зерделеу шараларына қатысқан, ал 266-ы келмеген, хабар-ошар да бермеген.
"Әскерге шақырушыларды зерделеу мақсатында sms-хабарлама ала тұрып, әскери органға келмегендерге айыппұл қарастырылған. Біз оларға қайтадан шақырту жіберіп, үйлеріне барып сүйреп шығарғандай алып келеміз десек те болады", - дейді Қостанай қаласы қорғаныс істері басқармасының бастығы Батырхан Зиятов қалалық әкімдікте өткен жиналыста сөйлеген сөзінде.
Бүгінде жастар Отан алдындағы борышын өтеуге неге құлықсыз деген сауал жиналыста қызу талқыланды. 2000 жылдардың басында әскерге баруға ынталы жастар көп болатын. Тіпті сарбаз атану үшін қорғаныс істері саласындағы тамыр-таныстарын жағалап жүргендер де болды. Ал қазір не өзгерді?
Қостанай қаласы қорғаныс істері басқармасының бастығы Батырхан Зиятовтың айтуынша, бүгінде ақпарат алаңында әскери бөлімдер туралы жағымсыз, негативке толы материалдар көп. Бұл әсіресе ата-аналардың психологиясына қатты әсер етіп, жігіттердің жігерін құм еткен. Бірақ негізгі себеп сол ма?
"2000-ншы жылдардың басында органдарда қызмет ету үшін, есімде қалғаны, ішкі істер саласына әскери борышын өтеп келгендерді ғана алатын. Ал бүгінде Антикор, прокуратураға қызметке орналасу үшін арнайы әзірліктен өтсе жеткілікті. Полиция да солай ма?", - деп сұрады Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Бақытжан Зиятовтың сөзінше, бүгінде ішкі істер саласында қызмет ету үшін әскери борышын өтеу міндетті емес.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 12 маусымдағы № 463 бұйрығында қалалық, аудандық (қалалардағы аудандар), желілік аумақтық органдары қызметкерлерінің лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарында көрсетілмеген.
Бұл талап алынып тастағаннан бері Отан алдындағы борышын өтеуге құлшыныс білдіретіндер қатары азайғаны байқалған. Соңғы жылдары жігіттерді "үйінен сүйреп алып, әскери бөлімдерге апару" әдісі жиі қолданыла бастады.
Еске сала кетейік, бұған дейін қостанайлық кәсіпкерлер әскерге шақыру науқаны кезінде көп шығын шегетінін айтқан еді. Себебі әскери комиссариат өкілдері Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті жігіттерді кез келген жерден ұстап әкету үшін қоғамдық орындарда күн-түн демей рейд жүргізеді. Кәсіпкерлер осылайша негізгі клиенттерінен айырылып жатқанын айтқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164914-qostanaida-askeri-kommissariatqa-shaqyrgan-azamattardyng-zhartysynan-astamy-kelmegen/