"Қазақы аула": Шымкентте коллекционер тұрғын үй ауласын ұлттық нақышта безендірген (видео)
Жарияланған күні:
Коллекционер-зерттеуші Дана Бектаева Шымкенттегі тұрғын үйлердің бірінің ауласын қазақы кілемдердің суретімен безендіріп, жертөлесін мұражайға айналдырған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Оңтүстік ТВ телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарнаның хабарлауынша, тұрғындар кілеммен әсемделген есік алдын "қазақы аула" деп атайды. Мұнда кілемнің 40-тан аса түрі бейнеленген. Оның ішінде Қазақстанның әрбір өңіріне тән ежелгі ру-тайпалардың стилі жинақталған. Мұның әрқайсын салуға суретшілер 1 айдан аса уақыт жұмсапты. Ал нағыз кілемдердің өзі жертөледегі мұражайға ілінген. Дана Бектаева оларды 10 жыл бойы жинаған. Көпқабатты үйдің кейбір тұрғындары Данаға қаржылай да, қол күшімен де көмектесіп жүр.
"Әр оюды көргенде ләззат аламын. Ауылда өскен адаммын ғой. Апалар алаша тоқитын. Сол алашалар есіме түседі. Мұндағы әр ою біздің Қазақ елінің баяғы XVI-XVII ғасырлардағы жұмысы. Соны осы қызымыз әкеліп, жұртқа танытып жатыр", - деді "қазақы ауланың" тұрғыны Несібелі Есмағанбетова.
Коллекционердің аядай екі бөлмелі жертөлесінде кілемдердің тек оннан біріне ғана орын табылған. Бұдан бөлек мұнда ертеде жасалған асадал, кебеже, ағаш ыдыстар мен музыкалық аспап та бар. Мұның көбін коллекционер іздеп жүріп ақшаға сатып алған.
"Қазір менде 1000-нан аса кілем, 1500-дей жәдігер бар. Оның бәрін тазалап, сақтап қойдық. Осы жертөледе 100 шақты экспонат тұр", - деді Дана Бектаева.
Коллекционердің ендігі арманы Шымкенттен кілем мұражайын ашып, топтамасындағы құнды мұраларды көпшілік назарына ұсыну. Оған әзірге өзінің шамасы жетпейтіндіктен, биліктен көмек сұрауға мәжбүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165091-qazaqy-aula-shymkentte-kollektsioner-turgyn-ui-aulasyn-ulttyq-naqyshta-bezendirgen-video/