Алматы облысында күш құрылымдары шаруа қожалығына тінту жүргізді (видео)
Жарияланған күні:
Алматы облысы Балқаш ауданында шаруа қожалығы аумағында есірткі плантациясын ұйымдастырды деген күдікпен 50 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық полиция департаменті басшысы Бауыржан Әленовке сілтеме жасап хабарлайды.
Бауыржан Әленовтың Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, 21 қыркүйекте "Қарасора-2024" жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу кезінде облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері мен ІІМ ОАӘТБ қызметкерлері бірлесіп, күдіктіні ұстаған.
Үйді және оның айналасын тінту барысында екі тегіс ұңғылы мылтық, 58 оқ-дәрі және кептірілген марихуана табылды. 194 түп құрамында есірткі бар өсімдік жұлынып алынды.
Жүргізілген сараптама нәтижесінде тәркіленген өсімдіктердің жалпы салмағы 3 тонна 540 кг каннабис екені расталды.
Есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Тамыз айының басында ҚР ҰҚК 3 ірі есірткі зертханасының қызметін жойғанын хабарлады. 8 Қазақстан азаматы қамауға алынып, құны 2 млрд теңгеден асатын есірткі заттары тәркіленген болатын.
Ал Алматы қаласының ҰҚКД прокуратураның үйлестіруімен синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананың қызметін тоқтатты. Оқиға орнынан 7 кг психотроптық заттар табылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165313-almaty-oblysynda-kushtik-qurylymdar-sharua-qozhalygyna-tintu-zhurgizdi-video/