Қарағанды және Павлодар облыстары арасындағы жер дауына нүкте қойылды
Жарияланған күні:
Қарағанды және Павлодар облыстары арасындағы жер мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылданды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстанның Жоғарғы аудиторлық палатасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғарғы аудиторлық палатаның ұсынысы ескеріле отырып, Қарағанды және Павлодар облыстарының шекарасындағы жер қай аумаққа тиесі екені шешілді.
"Бұған дейін жер ресурстарын басқару қалай жүзеге асырылып жатқанын тексеру үшін мемлекеттік аудит жүргізілген. Тексеру барысында геодезия және картография салаларында бірқатар заңбұзушылық анықталды.
Нақтырақ айтсақ, Қарағанды облысы Осакаров ауданы мен Павлодар облысы Баянауыл ауданы арасындағы 17,1 мың гектар жер қай облысқа тиесілі екені нақты анықталмаған, сондықтан бұл мәселе шешімін таппай тұрған еді", - деп түсіндірді палата өкілдері.
Жағдайдың салдарынан жер заңнамасы бұзылып, екі ауданның әкімдіктері бір жерді екі жақтан әртүрлі тұлғаларға берген. Осыған байланысты үкіметке аталған мәселені шешу керегі айтылған.
"Архив материалдарын және бірқатар тексерістен соң даулы жер Павлодар облысының Баянауыл ауданына тиесілі екені анықталды. Осылайша, оның қай жаққа тиесілі екені туралы мәселе толық шешілді", - деп атап өтті Жоғарғы аудиторлық палата.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында жер телімдері 107,3 миллион теңге тұрғанына қарамастан, 1,1 миллион теңгеге жеке меншікке берілген. Арнайы прокурорлар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына қатысты қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша ҚК 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізген. Шенеунік кінәлі деп танылып, ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165412-qaragandy-zhane-pavlodar-oblystary-arasyndagy-zher-dauyna-nukte-qoiyldy/