Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астық мол болғанымен, алушы жоқ: шымкенттік диқандар жанайқайын жеткізді (видео)

Жарияланған күні:

Бидай алқабы
Бидай алқабы. Скриншот: youtube.com/@tvotyrar

Еліміздің оңтүстігінде биыл егін мол жиналғанымен, өнімін сата алмай отырған диқандар бар. Олардың сөзінше, баға күннен күнге құлдырап барады, деп KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz сайтының Youtube-тегі арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаз бойы еңбек еткен шаруа Кемел Темірұлы 100 гектар жерден жиналған астығының әлі үштен бірін де сата алмаған. Оның айтуынша, 70 теңгеден басталған баға бірден 58 теңгеге түскен. Қамба астыққа толы болғанымен, оны сатып алушы жоқ. Шаруаның шарасыз хәлінен хабардар алыпсатарлар да әзірге үнсіз.

"Көмектеспесе, дала егістеріне деп көктемде алған несиемізді төлей алмаймыз. Бидай жатыр қоймада. Ресейден бидай КамАзбен кіріп жатыр дейді. Соны тоқтатса", - деді Кемел Темірұлы.

Өнімін өткізе алмай отырған шаруалар биылғы баға бір гектарға жұмсалған шығынның жартысын да жаба алмай тұр деп ашынады. Олардың сөзінше, жерді өңдеу мен минералды тыңайтқыш, жанар жағармайды қоса алғанда 120-130 мың теңгедей қаржы кеткен.

"60 теңгеден алмай жатыр. Бидайды сататын ешқандай шаруада мүмкіндік жоқ. Ал енді істеп жатқан жұмысшылардың айлығын тауып беру үшін амалсыздан төмен бағаға түсіп жатырмыз", - деді шаруа Манасбай Бекбауов.

800-ге тарта шаруашылықтың басын біріктірген қауымдастық осы жағдайды айтып шілдеде жергілікті билік пен үкіметтен көмек сұраған еді. Алайда мәселеге мән беріп, шығынға батқан шаруалардан хәл сұраған жан болмапты.

"Біз қауымдастықтың атынан облысқа да, республикаға да хат жаздық. Ақыры проп-корпорациядан сатып алып отыр ғой. Сондықтан мемлекет бізден көп те емес, 50-60 мың тонна сатып алса, кейін өзіне керегін алады. Қалғанын мал бар, шаруасы бар өзі ұстап отыратын еді. Қазір сол бағаны мемлекет алмағандықтан, өзіміздегі артық бидайды еш жерге өткізе алмай отырмыз", - деді "Арпа-бидай ас екен" қауымдастығының басшысы Мұхтар Бимат.

Биыл Шымкент қаласы бойынша 11 мың гектарға жуық алқапқа дән себілді. Көктем жауын шашынды, күн райы қолайлы болғандықтан қамбаға 15 центнерден дән құйылды. Жергілікті билік мұның барлығының есебін алғанымен, бағаға ықпал ете алмаймыз деп отыр.

"Продкорпорация қазан айының басында немесе ортасында сатып алатын бағасын бекіткен соң, біздің шаруалардың қолында ұстап отырған бидайының бағасы да жоғары қарай жылжиды деген үмітпен отырмыз", - деді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Жәнібек Тоғаев.

Өңірде енді жақын арада келер жылдың өнімі үшін күздік бидай себу басталады. Өнімін өткізе алмаған шаруада әзірге жер жыртуға да, тұқым алып, оны егуге де қаржы жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165482-astyq-mol-bolganymen-alushy-zhoq-shymkenttik-diqandar-zhanaiqaiyn-zhetkizdi-video/