Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада мемлекеттік компанияның басшысы 170 миллион теңге пара алғаны үшін сотталды

Жарияланған күні:

судья
Судья. Көрнекі фото: Boonchai Wedmakawand / Getty Images

Aстанада 100 пайыз мемлекет қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы пара алғаны үшін сотталды. Келтірілген шығын 170 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды елорда соттарына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Соттың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпарат бойынша, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты делдал арқылы аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін (ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігі) К.-ға және парақорлыққа делдал болғаны үшін (ҚК-нің 368-бабының 1-бөлігі) Д.-ға қатысты істі қараған.

"К., "Е" ЖШС-нің (мемлекеттің 100% қатысуымен) бас директоры, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті берілген адамға теңестірілген тұлға бола тұра көп пәтерлі тұрғын үй кешені құрылысының жобасы бойынша аванс аударып және сметалық құнын түзетіп, делдал арқылы "К" ЖШС-нің нақты иесінен пара ретінде аса ірі мөлшерде, жалпы сомасы 140 000 000 теңге және 68 000 АҚШ долларын (30 388 520 теңгеге бара-бар) алған", - делінген хабарламада.

Д., пара алу бойынша делдал бола отырып, сотталушы К.-ға және "К" ЖШС-нің нақты иесіне олардың арасында ақша түріндегі пара алу және беру туралы келісімге келуге және іске асыруға көмектескен.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сараптама қорытындылармен, сондай-ақ қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Прокурор К.-ға 11 жыл, Д.-ға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы К., өз кінәсін ішінара мойындап, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушы Д., өз кінәсін толық мойындап, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

"Сот үкімімен К. ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Д. ҚК-нің 368-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165493-astanada-memlekettik-kompaniianyng-basshysy-170-million-tengge-para-algany-ushin-sottaldy/