Адвокат мектепке орамалмен кіруге рұқсат берілмеген оқушылардың құқығы қорғалғанын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетов желідегі парақшасында Жоғарғы соттың шешімімен мектепке орамалмен кіргізілмеген оқушылардың құқығы қорғалғанын айтты. Заңгердің жазбасы желіде "Жоғарғы соттың бұл шешімі жалпыға ортақ па, әлде жеке іс бойынша шыққан шешім бе" деген сұрақ туғызды. KAZ.NUR.KZ тілшісі бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен сұрап білді.
Құқық қорғаушының жазбасы Instagram желісінде пайда болды. Ол мектепте орамал таққан қыздардың білім алу құқығын шектеу мәселесіне Жоғарғы сот нүкте қойғанын айтады.
"Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты өз қаулысында облыстық соттың шешімін бұзып, мұндай шектеулер білім алу құқығын бұзады деп таныды. Осыған ұқсас шешімдерді бұрын 4 облыстың басқа соттары да мойындаған.
Министрлік орамалмен күресіп жатқанда, Қазақстанда балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау, зорлық-зомбылық фактілері көбейді, бұл өте өкінішті. Қалай болғанда да сот билігі министрлік емес, заң нормаларын ұстанатыны қуантады", - деп жазды заңгер.
KAZ.NUR.KZ тілшісі Жоғарғы сот өкілдерінен заңгердің жазбасына қатысты түсінік беруін сұрады.
"Мұндай шешім қабылданды. 10 жұмыс күні ішінде Қаулы шығады. Қаулыда жауап болады", - деді Жоғарғы сот өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165694-advokat-mektepke-oramalmen-kirgizilmegen-oqushylardyng-quqygy-qorgalganyn-malimdedi/