АЭС салынған жағдайда Балқашта су мөлшері жеткілікті ме: министр жауап берді
Жарияланған күні:
Читать на русскомСу ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанда болашақта атом электр станциясы салынып, іске қосылған жағдайда Балқашта су тапшылығы туындауы мүмкін бе деген сұраққа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Бүгінде алдымызда тұрған ең үлкен міндет – Балқаш көліндегі суды толтыру және сақтау. Биылғы жылы су тасқыны кезінде 3,5 млрд текше метр су құйылды, бір ай ішінде құйылған су көлемі шамамен 12 млрд текше метр.
География және су қауіпсіздігі институтының есебіне сәйкес, Балқашқа жыл сайын кемінде 12 миллиард текше метр су құйылуы қажет. Соңғы екі жылда біз бұл межеге қол жеткіздік. Ал биыл Балқаш көліндегі су деңгейі 23 см-ге көтерілгенін көріп отырмыз", - деді министр.
Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов болашақта Қазақстандағы АЭС құрылысына шешім қабылданатын болса, Балқаштағы су көлемі жете ме деген мәселеге де пікір білдірді.
"Атом электр станцияларына қатысты: біз, әрине, мамандармен кеңесеміз. Әртүрлі атом электр станцияларын зерттейміз. Қазіргі уақытта суды көп тұтынбайтын технологиялар бар. Балқашқа келетін ағындарды атом электр станциясына қажетті көлеммен салыстырсақ, бұл көлемнің жеткілікті екенін көріп отырмыз", - деді Нұржігітов.
Бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік желілерде дабыл қаққан еді. Олардың айтуынша, Балқаш көлі тез таязданып барады. Кейіннен бұл жағдайды Су шаруашылығы және ирригация министрлігі түсіндіріп, биыл трансшекаралық Іле өзені арқылы судың үлкен көлемі өткенін атап өтті.
Еске салсақ, 2 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысы бойынша 6 қазанда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.
3 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының отырысында АЭС салу бойынша референдум өткізудің күнтізбесі бекітілді.
Сондай-ақ бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы өкілдері Қазақстанда АЭС салу бойынша референдумды ұйымдастыруға және өткізуге 15,5 млрд теңге жұмсалатынын мәлімдеген еді.
АЭС салу бойынша референдумға қатысты ОСК төрағасы Тоқаевқа дайындық барысын баяндаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2167681-aes-salyngan-zhagdaida-balqashta-su-zhetkilikti-me-ministr-zhauap-berdi/