Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда дзюдошыға шабуыл жасалған: іске қатысты жаңа мәлімет шықты

Жарияланған күні:

Оқиға орны
Оқиға болған жер. Видеодан кадр: t.me/egovpress

Алматыда дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионы Дамир Исахановқа қастандық жасалған. Туыстарының сөзінше, ол екі жыл бойы өз қаржысын қайтара алмай келеді. Қарызға берген қомақты қаржысын сұрағаны үшін спортшыны өлтірмек болған. Полицейлер қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, Исахановқа пышақ сұққан күдіктіні ұстады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, оқыс оқиға осыдан екі апта бұрын болған. Қаладағы мейрамханалардың біріне қарыз алғандармен сөйлесуге барған спортшы әңгіменің ушыққанын біліп, аулаға шыққан. Көлігіне енді міне бергенде, бір топ ер азамат дзюдошыны қоршап алып, жүрегінің тұсына пышақ сұққан. Дәл осы сәтте оқиға орнында Дамирдің енесі де болған.

"Ұрыс шамамен 5-10 минутқа созылды. Олар боқауыз сөздер айтып, "өлтіремін" деп, бірнеше рет қорқытқан. Мен жүгіріп келгенде, Дамир қанға боялған күйде субұрқаққа құлап кетіпті. Біз осы күнге дейін тергеушінің жұмыс істеп жатқанын көрмедік. Алғашында "күдіктілер ұсталды" деп айтты. Ал келесі күні бәрі тып-тыныш. Мұны тек жеңіл жарақат деп, істі жауып тастаған сияқты", - дейді Дамир Исхановтың енесі Сәуле Сабырханова.

Дзюдошының жағдайы қазір бір қалыпты. Ота жасатып, күтініп жүр. Ал 300 мың АҚШ долларын спортшыдан қарызға алып, кейін оған пышақ сұққан күдікті ұсталыпты. Полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.

"Алмалы ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеу жан-жақты, толық және обьективті қағидатына сәйкес жүзеге асырылуда. Тергеу Алматы полиция департаменті басшылығының бақылауында", - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Еске салсақ, бұған дейін желіде танымал қазақстандық спортшыға шабуыл жасалғаны туралы ақпарат пайда болған еді.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2168445-aqshasyn-qaitara-almai-zhurgen-qastandyq-zhasalgan-dziudoshyga-qatysty-zhanga-malimet-shyqty/