Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Пәкістанның үш азаматы Еуропаға жету үшін Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен

Жарияланған күні:

шекара
Көрнекі фото: Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі

Алматы облысы Кеген аудандық сотында Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын өткізу пунктерін тысқара жерден қасақана заңсыз кесіп өтті деген айыппен шетелдік үш азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Алматы облысы соттарының Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Іс Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-бөлігі бойынша қозғалған. Бұл – Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту.

Сотта 2024 жылдың 15 мамырында Пәкістан азаматтарының бір тобы Еуропаға жұмысқа орналасу үшін транзит жасау мақсатында Бішкекке келген. Алайда Қырғызстан астанасында қаржылық қиындықтарға тап болған олар маршрутты өзгертіп, Қазақстан мен Ресей арқылы өтуге шешім қабылдаған.

Осы мақсатта олар Қазақстанға Қырғызстанның Чолпон-Ата, Қаракөл және Кеңсу қалалары арқылы жол тартқан. Кеңсудан олар жолды жаяу жалғастырып, бірнеше күннен кейін Қазақстанның шекарасына жеткен.

2024 жылы 13 маусымда Алматы облысының Кеген ауданында оларды шекара жасағы ұстап, сотталушыларда Қазақстан шекарасын заңды түрде кесіп өту туралы қажетті белгілері жоғын анықтаған.

"Сотталушылардың кінәсі іс материалдарымен: сотталушылар Мемлекеттік шекараны бұзу орнын көрсеткен фотокестесі бар оқиға орнын тексеру хаттамасымен және басқа да материалдармен толық дәлелденген. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар бойынша сот олардың шын ниетпен өкінетінін таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ", - делінген хабарда.

Сот үкімімен сотталушылар Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, Қазақстан аумағы шегінен тысқара жерге 5 жыл мерзімге шығарып жібере отырып, 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қазақстан Республикасынан тысқара жерге шығарып жіберу түріндегі қосымша жаза үкім заңды күшіне енген кезден бастап орындалуға тиіс екені хабарланды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2168683-pakistannyng-ush-azamaty-europaga-zhetu-ushin-qazaqstan-shekarasyn-zangsyz-kesip-otken/