Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәрі шіріп жатыр": Алматы облысындағы тозығы жеткен жатақхана тұрғындары көмек сұрады

Жарияланған күні:

Алматы облысындағы жатақхана
Алматы облысындағы жатақхана. Сюжеттен кадр: КТК

Алматы облысында екі қабатты үйдің тұрғындары баспанасы апатты жағдайда екенін айтып, дабыл қағып отыр – ескі жатақхананың іргетасы үгітіліп, сылағы опырылып түскен, қабырғаларын көк басып, сасық иіс жайлаған. Басқа барар жері болмай, қуықтай бөлмені паналап отырған тұрғындар шенеуніктерден көмек сұрайды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, тұрғызылғанына 60 жылдан асқан жатақхананың іргетасы үгітіліп, қабырғасы құлап жатыр. Тұрғындар үйінді астында қаламыз ба деп қорқады. Кезінде жылу электр орталығының жұмысшылары тұрған жатақхана кейін жекеменшікке берілген. Жұрт жатақхананың жыртығын жамаудан шаршаған. "Нысан жөндеуге келмейді", - дейді олар.

"Тұрғындар жиналамыз, қыста жылу батареялары жарылады. Ақша жинасақ, жер тесіледі. Бір жерін жасасақ, мына жақтары тесіледі. Астының бәрі шіріп жатыр, құбырлары да шіріп жатыр", - дейді Өтеген батыр ауыл округінің тұрғыны Назгүл Құсайынова.

Тұрғындардың сөзінше, жатақхананың бүкіл коммуналдық жүйесі тозған. 50-ге тарта бөлмесі бар ғимараттың ас үйі де, дәретханасы да, жуынатын жері де жалпыға ортақ — қабырғалары көгеріп, жағымсыз иіс басқан.

"Бүкіл үйді ылғал жайлаған, адам тұрғысыз апатты жағдайда. Тұруға мүмкіндігіміз жоқ", - дейді Өтеген батыр ауыл округінің тұрғыны Мейірбек Әбдірасылов.

Жатақхананың қуықтай бөлмесін паналаған жұрт жанайқайын жергілікті шенеуніктерге жеткізуге тырысқан. Алайда әкімдік өкілдері "қолдан келер шара жоқ" деп отыр. Себебі: жекеменшік нысанға тұрғындардың өзі жауапты екен.

"Жатақхана әркімнің өз иелігінде, ортақ кондоминиум мүлігі. Қасбетін жөндеуге қаражат бөлініп жатқан жоқ. Дегенмен оны бір түске келтіру үшін тек бояп береді. Үйлердің түрі бір түс болуы үшін аудандық мәслихатпен шешім қабылдап, ақша бөлуге ауданның тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі құқылы, бірақ бүгінде ақша бөлінген жоқ", - дейді Өтеген батыр ауыл округі әкімінің орынбасары Мақсат Орынбасаров.

Әкімнің орынбасары тұрғындардың өзі жатақханаға сараптама жасатсын деп кеңес берді. Егер соның қорытындысы бойынша үй апатты деп танылса, іс әрі қарай жылжи бастайды дейді. Алайда тұрғындар сараптама құнын қалтамыз көтермейді деп отыр. Сондықтан билік өкілдерінен көмек сұрайды. Олар "жамау-жамау жатақхананың орнына жаңасын тұрғызып берсе" дейді.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2169064-bari-shirip-zhatyr-almaty-oblysyndagy-tozygy-zhetken-zhataqhana-turgyndary-komek-surady/