Айтыста ұтқан көліктер саны бойынша ақындардың рейтингі құрылды
Жарияланған күні:
Халықтың сүйікті айтыскеріне айналған Айнұр Тұрсынбаева бүгінгі күнге дейін 34 темір тұлпардың иесі атанып, ең көп жүлделі болған ақынға айналып отыр.
Оның рекордына 20 жылдан аса айтыста жүрген Аманжол Әлтаев та, талай ақын онымен айтысуды армандайтын Балғынбек Имашев та жете алмай жүр. 1984 жылдан бері қазақтың төл өнері айтыстың арқасында кім, қанша көлік мініп үлгерді? Ол көліктерді ақындар қайда жібереді?
Алғашқысын Айнұр Тұрсынбаева1996 жылы студент шағында жеңіп алған. Айнұр көлікті бірден үйдегілерге сыйға тартыпты. Ал, Бақыт Жағыпар есімді айтыскерге 20 жылдың ішінде бір ғана Нива көлігі бұйырыпты. Бұған дейін ол бұрынғы заманның көлігін, яғни төрт аяқты жылқылар жеңіп келген. Ал, алғашқы темір тұлпарына 2011 жылы Астана туған күніне арналған республикалық айтыста қол жеткізіпті.
Бақыт Жағыпар, ақын:
-20 жылда алған алғаш көлігім.
Айнұрдан кейін, ең көп темір тұлпар мінген ақындардың бірі Аманжол Әлтаев. 22 жылын айтысқа арнап, зейнетке кеткен Аманжолдың соңғы жеңіп алған көлігі джип. Жүрсін Ерманның сөзінше 1986 жылдан бері айтысқа 160-тан аса көлік тігіліпті.
Ал, біз сол көліктерді ең көп еншілеген 5 үздік айтыскердің тізімін ұсынамыз. Көштің басында әлбетте Айнұр Тұрсынбаева 34 көлік. Одан кейін жастарға жол берген Аманжол Әлтаев 20 көлік мініпті, одан кейінгі тізімде айтыспен қош айтысқан Ринат Зайытов 10-нан аса темір тұлпарға ие болып үлгерсе, небәрі 21 жастағы Жандарбек Бұлғақов 10-ға жуық автокөліктің иесі атанған, ал бестіктің соңына Балғынбек Имашев 7 көлікпен ілігіп отыр.
Айтыскер ақындар жүлделі орындары үшін көліктен өзге, бағалы сый-сияпаттарға да қол жеткізіп жүр. Ал, жақында айтыстан кеткенін мәлімдеген белгілі ақын Ринат Зайытовқа Алла Тағала екі қыздан кейін, ұл сыйлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/216982-ajtysta-ytkan-kolikter-sany-bojynsha-akyndardyn-rejtingi-kyryldy/