Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр

Жарияланған күні:

Өндірістегі жұмысшы
Көрнекі фото: pexels.com

Елімізде жылына мыңнан астам адам өндірісте жарақат алып, оның 200-ден астамы көз жұмады. Қазақстан еңбек қауіпсіздігін жақсарту мақсатында қандай шаралар қабылдап жатқанын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

2024 жылдың алғашқы сегіз айында өндірістік жарақат алған жұмысшылардың саны 892 адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға артық. Ал, 117 жұмысшы өндірістік жарақатының салдарынан қайтыс болған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өндірісте жазатайым жағдайда қайтыс болғандар саны 2,6%-ға жоғары. Еңбекті қорғау саласындағы жағдайды жақсарту мақсатында Еңбек министрлігі жұмыс берушілермен бірлесе отырып, кешенді жұмыстар жүргізуде.

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ең алғашқы қадам – еңбек заңнамасының сақталуын, оның ішінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік бақылауды күшейту. Мәселен, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбек инспекторлары 4319 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 6890 бұзушылық анықталды. Оның ішінде: 1730 – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша. Жұмыс берушілерге 2 597 ұйғарым беріліп, 330,1 млн теңге сомасына 3 030 әкімшілік айыппұл салынған.

Өндірістік жарақаттанудың алдын алу үшін кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерді құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 18 мыңға жуық өндірістік кеңес жұмыс істейді, онда 23 мыңнан астам техникалық инспектор еңбек жағдайларының жай-күйіне ішкі бақылауды жүзеге асырады. Нәтижесінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының 142 мыңнан астам бұзушылығы анықталды.

Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі еңбекті қорғаудың халықаралық стандарттарын енгізу болды. Қазақстан 2019 жылдан бастап Vision Zero нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылып, еңбек жағдайларының қауіпсіз болуына негізделетін жеті "алтын ережені" қарастырады. Бүгінгі таңда аталмыш тұжырымдамаға 580 кәсіпорын қосылды. Бұл ретте 3262-ден астам кәсіпорын еңбекті қорғаудың халықаралық стандарттарын енгізді.

Құрылыс индустриясындағы маңызды қадам тік модел енгізу болды. Осының арқасында барлық қосалқы мердігерлердің учаскедегі еңбек қауіпсіздігіне бас мердігер жауапты. Бұл бақылау үлгісін республиканың 270 кәсіпорны енгізген.

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету аспектілерінің біріне еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын қабылдау жатады. Осылайша, 527 жазатайым оқиғаны тергеу материалдары құқық қорғау органдарына беріліп, 87 қылмыстық іс қозғалды.

Құқық бұзушылықтың алдын алу және жұмыс берушілер арасында ақпараттандыруды арттыру мақсатында hr.enbek.kz еңбек ресурстары порталында "Онлайн еңбек кеңесшісі" жұмыс істейді. Порталда әрбір жұмыс берушінің еңбек заңнамасының талаптарына, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға сәйкестігін алдын ала өзін-өзі тексеруден өз бетінше өтуге мүмкіндігі бар. Жүйе жауаптарды автоматты түрде талдайды және сәйкессіздіктер тізімін, ұсыныстарды немесе өзін-өзі тексеру сәтті өткені туралы есеп беретін қорытынды жасайды. Еңбек заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыс берушіге оларды жою бойынша нақты шаралар ұсынылады. Бұзушылықтарды жойғаннан кейін қайтадан тестілеуден өтуге болады. Бүгін портал арқылы 31 мыңнан адам өзін-өзі тексеруден өтті.

Барлық өңірлерде өндірістік жарақаттануды азайту бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұрын топтық жазатайым оқиғалар болған кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қаралған.

Еңбекті қорғау саласындағы маңызды стратегиялық құжат – 2023 жылғы 28 желтоқсанда бекітілген Қазақстан Республикасындағы 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы. Бұл құжатта жұмыскерлердің еңбек ету сапасын арттыру, білімді тәуелсіз бағалауды енгізу және қоғамдық бақылауды күшейту шаралары көзделген. Еңбек тұжырымдамасы аясында жанашылдықтар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбекті қорғаудағы басқару жүйесін құруды жеңілдетеді және жұмыс берушілердің шығынын азайтады. Сонымен қатар мемлекеттік деңгейде тиімді мемлекеттік мониторинг пен бақылау қамтамасыз етіледі.

Жалпы, тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттануды және кәсіптік ауруларды төмендетуге, құзыреттерді арттыруға және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша экономикалық ынталандыруды күшейтуге ықпал ететін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2169838-qazaqstanda-ondiristik-zharaqattanudy-azaitu-boiynsha-qandai-sharalar-qabyldanyp-zhatyr/