Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ауғанстан кәсіпкерлері Қостанайдан ұн сатып аламыз деп алданып қалғанын айтты

Жарияланған күні:

Ауған кәсіпкерлері
Ауғанстан кәсіпкерлері. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ауғанстан кәсіпкерлері қостанайлық ұн сатушыларға алданып қалғанын айтты. Өз елінде 45 жыл соғыс жалғасып жатса да мұндай алаяқтықты көрген жоқпыз дейді ауған кәсіпкерлері. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Қостанайлық ұн өндірушілердің басты нарығы Ауғанстан елі саналады. Мыңдаған ауған кәсіпкері жергілікті кәсіпорындармен ұн тасымалы бойынша әріптестік қатынас орнатқан. Сол ел азаматтарының айтуынша, қостанайлық ұн тарту кәсіпорындары тауарды уақытында жөнелтпейді, тіпті 170 вагон жоғары сұрыпты ұнның орнына сапасы нашарын жіберген. Ауған кәсіпкерлерінің сөзіне қарағанда, әлі күнге аты-жөні анықталмаған ұн сатушы мессенджер арқылы жалған сатып алу келісімшартын жіберіп, қыруар ақшасын сыпырып алыпты.

"Қостанайлық бір ұн тарту диірменінен 170 вагон тауар келді. Келісімшарт бойынша жоғары сұрыпты ұн жіберуі керек еді. Ал келгені айтқан сапаға сай емес. Олар біздің технолог қателісіп кетіпті деп айтты. 170 вагонды қателісіп жіберуі мүмкін емес. Оны Қазақстанға қайтарып та жібере алмадық. Тағы бір мысал төрт ай бұрын 15 вагон ұнға ақшасын төлеп қойдым. Кәсіпорын жақында ғана екі вагонын тиеп жіберді, қалғаны қашан келетіні белгісіз", - дейді Ауғанстан Ислам Республикасының ұн импорттаушылар өкілі Сайед Мұхаммед.

Ауғанстандық ұн импорттаушылар Қостанай облысындағы әріптестеріне қатты өкпелі. Жергілікті кәсіпорындар өздері жіберген келісімшарттарды орындамайды, тіпті орта жолда алдап кетеді деп отыр. Бұл мәселені екі жақ "Атамекен" палатасында өткен жиында талқылады.

Ауғанстан, Түркіменстан елдерінің кәсіпкерлерімен сауда-саттық байланыс орнатып жүрген отандық ұйым да жергілікті кәсіпорындардың мұндай жағымсыз қылықтарын мойындап отыр.

"Бұл бітпейтін мәселе. Барлық келіспеушіліктің 90 пайызы біздің елдің кәсіпкерлері тарапынан туындайды. Ақшасын алады, тауарды жеткізіп бермейді немесе басқа, сапасына сай емесін жібереді. Осындай оқиғалар таусылар емес",- дейді Қазақстанның Ауғанстандағы сауда үйінің басшысы Арман Есентайұлы.

Жергілікті ұн өндірушілер дөңгелек үстел басындағы кездесуде біраз ақталды. Олардың сөзінше, бәрі былтырғы жауын-шашынның кесірі.

"Қатты сынамасаңыздар дейміз. Өткен жылы саяси жағынан да, астықтың сапасына да қатысты қиындықтар көп болды. Ылғалы мол бидай өзек жарып, көктеп жатты, қамырлығы нашар шықты. Кәсіпорындардың барлығы астықты кептіруге әзір болмады. Элеваторлар өз қаржысына құрғатты" - деп ақталды Облыстық ұн өндірушілер қауымдастығының өкілі Қуаныш Аманжолов.

Жергілікті кәсіпкерлер биыл астық молынан шықты, сапасы да жақсы, мұндай қиындықтар артта қалды дейді. Ауғанстандық кәсіпкерлер болса елінде 45 жыл соғыс жалғасып жатса уәдесіне берік екенін тілге тиек етті. Олар да келісімшарт емес, айтқан сөзде тұру маңызды. Енді алдағы уақытта тауарға банк арқылы есеп айырсудың аккредитивтік әдісін қолға алмақшы. Бұл ауғанстандық сатып алушы келісімшартта қаралған төлемақыны банкке аударады деген сөз. Қазақстандық кәсіпорын бұл ақшаны тауарын жөнелткеннен кейін ғана алады. Келісімшарт орындалмаса банк ақшаны иесіне қайтарады.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2169996-auganstan-kasipkerleri-qostanaidan-un-satyp-alamyz-dep-aldanyp-qalganyn-aitty/