"Топ құрып, қыздарды қорқытқан": Ақтауда кәмелетке толмаған қыздарды ұрып-соғу ісі тергеліп жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русскомАқтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалды. Полицейлер ұрып-соғу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Lada.kz.
Аймақтық басылым мәліметінше, редакцияға бір қыздың екіншісін ұрып-соққаны түсірілген видео жіберілген. Сондай-ақ видеоның аудижазбасында кәмелетке толмаған қыздың анасының бірі 19 бен 21 жас аралығындағы қыздардың топ құрып, жасөспірімдерді жинап жатқаны айтылған. Жіберілген аудиожазбадағы мәлімет бойынша, олар қыздарды ұрып-соғып, қысым көрсетіп, қорқытқан.
"Қызым ақымақтықпен олардың тобына қосылған. Олар сауда орталықтарында қыздарды "әдемісің" деп алдап топқа тартып, дос болуға шақырады. Қыздар олармен жақсы араласып, тапсырма алады. Басқа қатарлас қыздарды ұрып-соғып, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салады", - дейді қыздардың бірінің анасы.
Telegram-дағы арнада жарияланған видеода қыздардың бірі жасөспірімді жұдырықтап, басынан ұрған.
Облыстық полиция ұрып-соғу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын, оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталғанын хабарлады.
"Осы оқиғаға қатысы бар барлық қатысушы анықталып, ішкі істер органдарына жеткізілді, сонымен қатар заңды өкілдер білім беру, құқықтар мен мүдделерді қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Материал әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына жолданады. Құқық бұзушылар профилактикалық есепке алынды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171175-top-quryp-qyzdardy-qorqytqan-aqtauda-kameletke-tolmagan-qyzdardy-uryp-sogu-isi-tergelip-zhatyr/