Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

SIM карта мерзімін ұзарту: кең таралған алаяқтық схемасынан қалай сақтануға болады

Жарияланған күні:

Читать на русском
Ұялы телефон және sim-карта
Sіm-карта. Көрнекі фото: Рexels.com

Алаяқтардың "SIM картасының жарамдылық мерзімі бітті, сізге көмектесеміз" схемасымен алданып жатқан қазақстандықтар бар. Мұндай алаяқтық түріне ұрынбау үшін не істеу керек? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

2024 жылдың қаңтарында жаңа схема бойынша әрекет ететін телефон алаяқтары туралы хабарламалар тарала бастады. Алаяқ қоңырау шалып, өзін ұялы байланыс провайдерінің қызметкерімін деп таныстырады. Ол жәбірленушінің SIM картасының мерзімі ертең сағат 00:00-де аяқталатынын хабарлайды. Егер ұялы байланыс қызметтерін ұсыну туралы шартты ұзартпаса, ертең қоңырау шалып, SMS жібере алмайтынын немесе мобильді интернетті пайдалана алмайтынын айтады. Алаяқтар "келісімшартты ұзартудың" әртүрлі тәсілдерін ұсынады, деп жазады Stopfake сайтының мамандары.

Қазнетте бұл схеманың кем дегенде үш түрлі нұсқасы көрсетілген. Біз олардың әрқайсысына тоқталамыз.

1414-тен келетін SMS

Жалған оператор қоңырау шалып, SIM картаның жарамдылық мерзімін ұзартуды ұсынады. Әңгіме барысында алаяқ клиенттің байланыс сапасына қатысты пікірін, мобильді интернетті, мобильді банкингті қолданатын-қолданбайтынын, оның түрін сұрайды. Бұл сұрақтар қылмыскерлерге жәбірленушінің қай банктерде жарамды шоттары бар екенін анықтауға мүмкіндік береді. Осы кезде ықтимал жәбірленушіге 1414 нөмірінен SMS келеді. Себебі жалған оператор egov.kz аккаунтын бұзуға тырысады. Дегенмен, "оператор" ешқандай кодты, құпия сөзді сұрамайды, оның орнына "SIM картаның жарамдылық мерзімі ұзартылды" деп, әңгімені тоқтатады.

Бұдан кейін алаяқтық схеманың екінші кезеңі басталады. Дәл осы жәбірленушіге полицей болып хабарласып, бұл оператордың алаяқ болғанын және оның барлық шоттары бұзылғанын айтады. Тәртіп сақшысы ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуды немесе қаражатты "сақтау" үшін "айна несиесін" рәсімдеуді ұсынады. Осы кезде аударым жасай отырып, жәбірленуші өз ақшасын алаяқтарға береді.

Тауар несиесі

Жалған оператор жәбірленушіге сілтеме арқылы "деректерді растауды" ұсынады. Ол тауар несиесін рәсімдеу мүмкіндігі бар маркетплейске апарады. Осылайша, жәбірленушінің есебінен қылмыскерлер қымбат тауарларды сатып ала алады.

Қолданбалардан немесе үшінші тарап ресурстарынан жіберілген кодтар

Алаяқтар жәбірленушілерден қолданбалардан немесе басқа ресурстардан жіберілген кодтарды айтуды сұрауы мүмкін. Соның көмегімен қылмыскерлер азаматтардың банк шоттарына қол жеткізеді. Мәселен, алаяқтар Ақтөбе тұрғынын осылай алдаған, оның есепшотынан бір жарым миллион теңгеден астам ақша алынған.

Не істеу керек?

Біріншіден, ұялы байланыс операторларының қызметкерлері телефон арқылы ешқандай код пен құпиясөзді сұрамайтынын ұмытпаңыз. Егер SIM картасы ескірген болса, оны ауыстыру үшін клиенттер провайдердің кеңсесіне шақырылады.

Екіншіден, 6 айға несие алудан ерікті түрде бас тартуды қарастырыңыз. Сонда алаяқтар сіздің атыңызға несие алған болса, несие ұйымы қарызыңызды жоюға міндетті болады.

Үшіншіден, егер бірдеңе алаңдатса немесе күмәнді болып көрінсе, әңгімені тоқтатыңыз. Сіз ұялы байланыс операторының байланыс орталығына қоңырау шалып, SIM картаңыздың жұмыс істемей қалу қаупі бар-жоғын өзіңіз сұрай аласыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171283-sim-karta-merzimin-uzartu-keng-taralgan-alaiaqtyq-shemasynan-qalai-saqtanuga-bolady/