Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Топырағы өте зиян": Жітіқара белсенділері құрамында сынап бар қалдық төгілген жер кенішке айналғанына наразы

Жарияланған күні:

Жітіқара белсенділері
Экобелсенділер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай облысы Жітіқара қаласының экобелсенділері құрамында сынап, мыс секілді ауыр металдар бар өндірістік қауіпті қалдықтар "балалардың ойын алаңына қолданылды" деп шырылдап жүр. Алтын өндірісінен шыққан қалдықтар көмілген маңда қалай заңсыз құм кеніші пайда болғанынан қала басшылығы мен құқық қорғау органдары да хабарсыз, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

1930 жылдары Жітіқара қаласында өнеркәсіп кеніштен шыққан массадан алтынды бөліп алу үшін сынап қолданған. Мыңдаған тонна кеннен грамдап қана алтын алатын. Қалғанын қала шетіндегі техногендік аймаққа үйіп тастаған. Бұл жер ел ішінде "Балшық тау" аталып кеткен. Осы санитарлық аймақты экскаватормен қазбақ түгілі, күрек те салуға болмайды.

Бірақ соған қарамастан ондаған жылдар бойы тыныш жатқан "Балшық таудың" оңтүстік жақ бөктерін біреулер ешқандай рұқсатсыз экскаватормен қазып, кәдімгідей кең шұңқырға айналдырған. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл жерге де өндіріс қалдықтары көмілген. Техногендік үйіндінің беткі топырақ қабатын ашудың өзі қауіпті дейді олар. Өйткені құрамында сынап, мыс секілді ауыр металдар бар-мыс. Ал топырақ - шаң тәріздес. Жел тұрса ауаға тарап, айдын-көлдерге тұнып, суды да ластайды.

Жітіқара
Зиянды қалдықтар төгілген жер. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бұл жерде өндірістік орынның шахтасы мен алтынды жуып-шаятын фабрика болған. Қазіргі билік өкілдері темір жолдың сол жақ бетінде ғана өндірістік қалдықтар көмілген деп айтады. Негізі бұл оң жақ беті "Балшық таудың" шеті саналады. Біреулер осы жерді қазып, құмын құрылысқа пайдалану үшін қалаға тасып жатыр екен. Біріншіден бұл жерді қазуға ешкім рұқсат бермеген, екіншіден топырағы адамға өте зиян. Сондықтан белсенділер тобын құрып, бұл мәселені бақылауға алдық", - дейді Жітіқара қаласының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базылбек Жармұханбетов.

Белсенділер осы кен орынынан алынған шаң тәріздес топырақты құрылыс жұмыстарына, тіпті балалардың ойын алаңдарына да тасып жатқанына куә болғанын айтады. Олар өздері түсірген бейнетаспаларды таратып, жан-жаққа дабыл қаққан.

"Бұл денсаулыққа өте зиянды топырақ. Балалардың көзіне, аузына кіреді. Батпандап кірген ауру бірден білене қоймайды. 2-3 жылдан кейін ғана сезіледі. Дәрігерлер де оның неден, қалай пайда болғанын бірден анықтай алмауы мүмкін. Сосын ауру балалар мен олардың ата-аналары ем-домға ақша таба алмай, әркімнен қайыр сұрап, әкімдікке қол жаюға мәжбүр болады", - дейді Жітіқара қаласының тұрғыны Маусымжан Мыңжасарова.

Маусымжан Мыңжасарова
Маусымжан Мыңжасарова. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қала белсенділері заңсыз құм қазғандарды табу жөнінде полицияға шағым жасаған. Бірақ құқық қорғаушылар әлі із кесіп жүргеннен басқа нәтиже шығармапты. Қалалық әкімдік сол маңға бейнебақылау камерасын ғана орнатқан. Олар да бұл маңды кімдердің қазып кеткенінен хабарсыз.

"Құм алып жатқан жер "Балшық тауға" жатпайды. Тіпті рұқсат етілмеген кен орыны тұрған жер рекультивацияға да кірмейді. Сондықтан зиянды топырақ, өнідіріс қалдықтары қалаға тасылды деп нақты айта алмаймыз. Санэпидемиологтар сол кеніш пен қаладағы құрылыс алаңдарынан құмның сынамаларын алды. Солардың зерттеулерінің нәтижесін күтеміз", - Жітіқара қаласының әкімі Мейрамбек Ордашев.

Санэпидемиологтар сынамаларының нәтижесі күні бүгін шығыпты. Құмның құрамы нормаға сай, яғни сантиралық аймақтан алынбаған деген қорытынды жасады. Алайда "Балшық таудың" топырағын құрылысқа пайдаланатын сары құмнан ажырату қиын емес. Түсі сұрғылт, алақанға салып төккенде құмша сусылдап шашылмайды, шаң секілді ұшады. Бірақ санэпидемиологтар мұны растамады. Қаланың экобелсенділері де мамандармен келіспейді, құзырлы органдарға әрі қарай шағымданбақшы.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171595-topyragy-ote-ziian-zhitiqara-belsendileri-quramynda-synap-bar-qaldyq-togilgen-zher-kenishke-ainalganyna-narazy/