Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қауіпсіздікке кепілдік беремін": Сәтқалиев АЭС-тің аймақ экологиясы мен экономикасына қалай әсер ететінін айтып берді

Жарияланған күні:

АЭС
АЭС. Көрнекі фото : pexels.com

Энергетика министрі үкіметтегі брифиңде Қазақстанда АЭС салу кезінде нені ескеретінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, атом электр станциясын салу – бұл бақылау, технологиялар және заңнаманың сақталу мәселесі.

"Бұл мәселелердің бәрі құрылыс кезеңінде толықтай жүзеге асырылады. Қазіргі заманауи станциялар экология, технология және операциялық режимдер тұрғысынан толық қауіпсіз. Маған жалпы сол жерде тұру-тұрмауға қатысты қойылған сұрақ қатты ұнады. Балқаш шын мәнінде – ерекше көл, табиғи қорық, сол үшін құрылыс экологиялық заңнамаға сәйкес жүргізілетін болады", - деп толықтырды ол.

Министрдің айтуынша, бұл станция аймақ экономикасын дамытуға үлкен серпін береді.

"Көптеген жұмыс орны ашылады, оқу-ағарту ұйымдары мен туризм түрлері дамиды. Балық аулағанды ұнататындар да хоббиін табысқа айналдыратын мүмкіндік алады", - деп атап өтті Энергетика министрі.

Мысал ретінде ол Түркиядағы Аккую қаласын келтірді, онда да қазір атом электр станциясы салынып жатыр.

"Қала құрылыс кезеңінің өзінде жалпы ішкі өнімін 4 есеге арттырған. Құрылыстың өзі де, станция жұмыс істей бастағанда да қауіпсіз болатынына кепілдік беремін. Тіпті, өзіміз де сол жерге барып тұрып қалуымыз мүмкін", - деп түйіндеді Сәтқалиев.

Еске салсақ, бүгін журналистер үкімет өкілдерінен АЭС салынатын Алматы облысының Үлкен ауылына көшіруге қаншалық дайын екенін сұрады.

Үкімет өкілдері көшетін болса, бір жағынан жұмыс барысы бақыланып, екінші жағынан станцияның қауіпсіздігі қамтамасыз етілер ме еді дегенді меңзеді. Екеуі де АЭС салынатын жерге жиі-жиі барып тұратынын айтты.

Сондай-ақ бүгінгі брифингте Роман Скляр АЭС салу бойынша мердігерді қалай таңдайтынын айтты. Оның сөзінше, қауіпсіздік бірінші орында болғандықтан, консорциум болуы да мүмкін.

Одан бөлек, бүгін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда АЭС салу бойынша өткен референдумның қорытынды нәтижелерін жариялады – АЭС салуды қолдап 71,12 пайыз, яғни 5 561 937 қазақстандық дауыс берсе, 2 045 271 адам бұған қарсы болған. 82 мыңнан астам сайлаушы бюллетеньде екі жауапты да таңдаған.

Қазақстандағы АЭС құрылысы

2019 жылы Алматы облысында қазақстандық АЭС салынатыны белгілі болды. Нақты орналасқан жер ретінде Үлкен ауылы көрсетілді. 2021 жылдың соңында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС-ті дәл осы ауылға салу жоспарланып отырғанын растады.

2022 жылғы маусымда Энергетика министрлігі Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті салу үшін төрт жеткізушіден тұратын шорт-лист жасалғанын хабарлады. Сонда Сәтқалиев қазақстандықтар бұл идеяны қолдамайтын болса, станция салынбайтынын айтқан.

2023 жылғы қарашада энергетика министрі Қазақстанда АЭС салатын компанияны қашан таңдайтынын мәлімдеді. Ал желтоқсан айында еліміздегі алғашқы АЭС құрылысына шамамен қандай қаражат жұмсалатыны белгілі болды.

2024 жылғы маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде АЭС салу мәселесін шешу үшін референдум өткізілетінін мәлімдеді. Дауыс беру өткен жексенбіде, 6 қазанда өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, қатысушылардың 63,87 пайызы дауыс берген, яғни 7,8 миллионнан астам қазақстандық референдумға қатысқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171683-qauipsizdikke-kepildik-beremin-satqaliev-aes-ting-aimaq-ekologiiasy-men-ekonomikasyna-qalai-aser-etetinin-aityp-berdi/