Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түтін үйдің ішіне кірді": Баянауылдағы Желтау қыстағының шаруалары өрттен қалай аман қалды (фото, видео)

Жарияланған күні:

Желтау қыстағы
Өртке дейінгі Желтау. Фото: Мәдина Жанатованың жеке мұрағатынан

Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы өрт Желтау қыстағына өте жақын келген. Желтауда небәрі төрт үй бар. Бәрі мал бағып отырған шаруа қожалығы. Абырой болғанда өрт дер кезінде оқшауланған. Жергілікті тұрғын Мәдина Жанатова қыстаққа жақындаған өртті видеоға түсіріп, желіге жүктеп, бірден дабыл қаққанның арқасында көмек лезде жеткенін айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Желтау тұрғыны Мәдина Жанатова – әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушылардың бірі. Ол әдетте парақшасына туған өлкесінің әдемі табиғатын фотоға түсіріп, жариялайтын. Ал мынау – қыстақтың өрттен кейінгі көрінісі.

Желтау
Өрт шалған тау. Фото: Мәдина Жанатованың жеке мұрағатынан

Жексенбі таң ата ауылды ыстың иісі алып, алыстан қою түтін көріне бастаған.

"Instagram-да парақшамды ашқаныма 5-6 жыл болды. Ауылдың табиғатын салатынмын. Өрт болған кезде салған видеоларым бірден тарап кеткен. Өртті біз жексенбі күні көрдік. Таңғы сағат 10-дар шамасында аспан қою қоңыр боп тұрды. Түске қарай біздің қыстақтың қасындағы тауға келді. Жел қатты болды. Шөп те, ағаш та құрғақ. Бәрі тез жанып кетті. Біз көмек сұрап, жан-жаққа видео тараттық. Ер азаматтар бірінші өздері шығып сөндірді. Кейін көрші ауылдан көмек, Баянауылдан өрт сөндірушілер келді. Павлодардан, Екібастұздан көмек келді. Өрт бізге Қарағандының Қарқаралы жағынан келді" , - дейді қыстақ тұрғыны.

Айтуынша, қыстақтағы төрт үйден бес әйел мен тоғыз бала екі тікұшақпен көрші ауылға эвакуацияланған. Желтауда тек ер азаматтар қалған. Тау арасындағы қыстақ тұрғындары түтін үйге дейін кіргенде қорқып қалғанын айтады.

"Өрт қатты болды. Ауылдың іші көк түтін, түк көрінбей қалды. Түтін үйдің ішіне кірді. Ер азаматтарымыз екі күн ұйықтамады. Әйелдер балалармен көрші ауылда болдық. Ауылдың қазіргі жағдайы жақсы. Айналадағы тауымыздың бәрі қап-қара болып өртеніп кетті. Үйлерге, қораға өрт тиген жоқ. Аман сақтап қалды. Көршінің шаруашылығына жақындады, бірақ оған жеткізбеді. Қазіргі жағдай жақсы, бәрі қарап жатыр", - деді тұрғын.

Қыстақта қазір ұялы байланыс жоқ. Өрт болған күні жарық та сөнген.

Ауыл тұрғындары көмекке келген әскери жасаққа тамақ әзірлеп, өртпен бірлесіп күрескен.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171701-tutin-uiding-ishine-kirdi-baianauyldagy-zheltau-qystagynyng-sharualary-ortten-qalai-aman-qaldy-foto-video/