Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттік оқушылар жаңбырдан электр қуатын өндірудің жолын тапты (видео)

Жарияланған күні:

Оқушы генератор қалай жұмыс істейтінін көрсетіп жатыр
Оқушы генератор қалай жұмыс істейтінін көрсетіп жатыр. Скриншот: youtube.com/@tv24kz

Шымкентте жас ғалымдар жаңбырдан электр қуатын өндіретін генератор құрастырған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ 24.KZ телеарнасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарнаның хабарлауынша, шымкенттік оқушылар жаңбырдан электр энергиясын өндірудің жолын тапқан. Олар балама энергия көздерін жасау бойынша әлемдік тәжірибені зерттеп, тамшы негізінде генератор жасаған. Бұл жоба халықаралық байқауда жеңіске жетті. Қазір жас ғалымдар аталған технологияны жетілдіріп жатыр. Олардың айтуынша, бұл ноу-хау болашақта күн панельдеріне балама бола алады.

Генератор қалай жұмыс істейтінін жоба авторларының бірі Мөлдір Смайыл айтып берді.

"Біз су құямыз, ал тамшыларымыз төмен түседі. Мұнда екі қабат бар, олардың бірі тефлон, төменгі жағындағы шыныға біз индий-қалайы оксидін жаққанбыз", - деді Шымкент қаласы №8 мамандандырылған гимназиясының оқушысы Мөлдір Смайыл. 

Энергия тамшылардың үйкелісінен пайда болады. Оқушының айтуынша, бұл ешқандай ғажайып емес, тек физика және нақты есептеулердің нәтижесі. Тамшылардың материалмен өзара әрекеттесуінің қашықтығы мен ауданын дұрыс есептеу маңызды. 

"Бұл генераторды пайдалану өте оңай. Мұнда тек екі материал қажет: жартылай өткізгіш және электрод. Бұл энергия алу үшін жеткілікті. Экожүйе бұзылмайды, себебі көміртегі отыны оған зиян тигізеді", - дейді Мөлдір.

Жас ғалымдар жоғары ылғалдылық кезінде, әдеттегі бөлме температурасында, ауадан да электр қуатын алуға болатынын анықтады. Жобаның жетекшісі Юрий Грязнов — Шымкенттегі танымал педагог, ол білім саласындағы жетістіктері үшін "Ыбырай Алтынсарин" төсбелгісімен марапатталған. Ұстаз өз оқушылары ғылыми серпіліс жасады деп есептейді.

"Бір кездері электромагниттік толқындарды тасымалдау мүмкіндігі қазіргі ұялы телефондар сияқты қолданылуға ие болды. Сондықтан біз мұны бастама деп санаймыз. Бәлкім, біз қазір тарихты жасап жатқан шығармыз және болашақта жүзеге асқан жобамыз жаһандық өзгерістер әкеледі", - деді Юрий Грязнов.

Бұл ноу-хауды өзен-көлдерге жақын жерлерде қолдануға болады. Әзірге шағын қуат туралы сөз болып отыр. Дегенмен әзірлеушілер оның күн батареяларын қолданудан 10 есе арзан болатынын есептеп шықты. Генератордан басқа, оқушылар ғарышқа зиянды қалдықтарсыз зымыран ұшыру идеясын ұсынды. Олар бір күні өз жобалары мектеп қабырғасынан шығып, практикалық қолданысқа ие болады деп үміттенеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171947-shymkenttik-oqushylar-zhangbyrdan-elektr-quatyn-ondiruding-zholyn-tapty-video/