Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Антикор өкілдері спортқа бөлінген қаражат қалай жымқырылғанын айтып берді

Жарияланған күні:

Ақша толы сөмке ұстап тұрған әйел
Ақша. Көрнекі фото: freepik.com

Антикордағы брифингте ресми өкіл Данияр Биғайдаров Қазақстандағы спорт саласындағы шығыны 13 млрд теңге болған 59 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Антикордағылардың мәліметінше, президенттің тапсырмаларын орындау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спортты қаржыландыру және спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық қаупін болдырмау үшін мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің қызметін тексеруді жалғастырып жатыр.

Биылдың басынан бастап Антикор 13 млрд теңге шығын болған 59 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеді – қос қаржыландырудың, бірдей оқу-жаттығу секцияларын қаржыландырудың, оқу-жаттығу жиындары мен жан басына шаққандағы қаржыландыруға арналған бюджеттік қаражатты ұрлау қылмыстық схемалары анықталды.

Туризм және спорт министрлігі

"Атап айтқанда, Туризм және спорт министрлігінің спортты дамыту дирекциясының бұрынғы директоры, оның орынбасары және басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Олар "Арт-спорт" бағдарламасы бойынша балаларды жаттықтыру қызметін көрсету аясында бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді.

Сонымен қатар 2023 жылғы Азия ойындарына спортшыларға жабдықтар сатып алуға, спорттық қызметтерге, спорттық құрал-жабдықтарға және іссапар шығындарына бөлінген бюджеттік қаражатты иемденудің қосымша эпизодтары анықталды. Осы фактілер бойынша шығынның жалпы сомасы 746 млн теңге болды", - деді Биғайдаров.

Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы

"Атырау облысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысына қатысты қылмыстық іс аяқталды. Оған Олимпиадалық резервті дайындау орталығының бапкерінен спортшылардың оқу-жаттығу жиынына шығуын ұйымдастыру үшін бюджет қаражатын бөлгені үшін 1,7 млн теңге пара алғаны айып тағылды.

Тергеу барысында оның мемлекетке айтарлықтай шығын келтірген басқа да қылмыстарға қатысы бар екендігі анықталды. Күдіктілер мен олардың қорғаушылары сотқа дейінгі тергеу материалдарымен танысып жатыр", - деп хабарлады Антикор өкілі.

ШҚО және Алматыдағы ұрлық

"Шығыс Қазақстан облысында спорт саласындағы аймақтық басқарманың қызметкері және ведомствоға қарасты ұйымның басшылығы жалған оқу-жаттығу жиындарына бөлінген 80 млн теңгені ұрлағаны анықталды. Бұл факт бойынша тергеу жалғасып жатыр", - деді Биғайдаров.

Сондай-ақ ол Алматыда бюджет ұрлау фактісі бойынша сот үкімі туралы айтты.

"Алматы қаласының Медеу аудандық соты Спорт басқармасының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Байғонова мен қалалық Олимпиадалық резервті дайындау орталығының бухгалтерлерін соттады. Олар орталықта жұмыс істемеген адамдарға жалақы мен басқа да төлемдерді заңсыз аудару арқылы 171 млн теңгеден астам бюджеттік қаражатты ұрлады. Үкім бойынша оларға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді Биғайдаров.

Еске салайық, жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық қаупін сыртқы талдаудан өткізген.

Нәтижелер отандық спорттың дамуына және әлемдік спорт аренасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне кедергі келтіретін жүйелі сыбайлас жемқорлық қаупінің бар екенін көрсетті, деп мәлімдеді ведомстводағылар.

Антикор өкілдері атап өткендей, Қазақстанда жоғары жетістіктер спортын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі Орталық Азия және алыс шет елдердің (Канада, Норвегия, Нидерланды) бюджеттерінен әлдеқайда асып түседі, бірақ Қазақстан Олимпиада ойындарындағы медальдар есебінде әлі де төмен орындарды иеленуде.

Сондай-ақ, жоғары жетістіктерге қол жеткізетін спорт түрлерінің басымдылығы болмағандықтан, нәтижесіз және танымал емес спорт түрлері қаржыландырылғаны анықталды. Спорттық ұйымдар спорт кешендері мен футбол академияларын салудың орнына легионерлерді ұстауға көп қаражат жұмсағаны белгілі болды.

Айта кетейік, Қазақстан 2024 жылғы Олимпиадада жалпыкомандалық есепте 43-орынға ие болды, 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172045-antikor-okilderi-sportqa-bolingen-qarazhat-qalai-zhymqyrylganyn-aityp-berdi/