"Әскери бөлімдерге ақылды бейнекамералар орнатамыз": вице-министр әскердегі бақылау туралы айтты
Жарияланған күні:
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскери бөлімдерде ақылды бейнекамералар орнатылатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Оның сөзінше, бұған дейін камералардың аналитика жасайтын функциясы болмаған. Енді бірнеше адам топ болып жиналса, сигнал беретін болады.
"Әскери бөлімдерде бұған дейін де бейнекамаралмен қамтылды. Бірақ бұл жерде бірнеше мәселе бар. Біріншіден, бұл бейнекамералар аналитикасыз жұмыс істейтін еді. Яғни болып жатқан суретті экранға жібереді, юасқа функциясы жоқ. Біз қазір ақпараттық жүйені енгізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Енді біз ақылды бейнекамара орнатуды қарастырып жатырмыз, бұл камераларда жасанды интеллект элементтері бар. Кім әскери бөлімге кірді, қашан кірді, кім шықты бәрін бақылап, ақпарат беріп тұрады. Сондай-ақ жауапты адамдар орнын тастап кететін болса, сигнал береді. Дүниежүзінде қандай аналитика бар, соны енгіземіз деп жоспарлап отырмыз", - деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, әскери бөлімдерде тұрған камералар 10 жылдан астам жұмыс істеп тұр. Оларды ауыстыратын уақыт келді.
"Камералар аналогты және цифрлы болып бөлінеді. Аналогты камералар 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп жатыр. Оларды ауыстыратын уақыт келді. Сондай-ақ камераларға қанша ақша жұмсалатынын дөп басып айта алмаймын. Әр әскери бөлім өзі анықтайды. Ол камералардың жағдайына бафданысты. Тұрған камера цифрлы болса, ауыстырмайды, аналогты болса, ауыстырады",- деді ол.
Вице-министр ақпараттық жүйелерге қанша жұмсалуы мүмкін екенін айтты.
"IT-компаниялардың бірінің берген ұсынысы бойынша, 400 миллион теңге", - деді вице-министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172213-askeri-bolimderge-aqyldy-beinekameralar-ornatamyz-vitse-ministr-askerdegi-baqylau-turaly-aitty/