Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қамалмау себебі неде, нақты жауап берілуі керек": депутат Абзал Құспан Талғардағы іс туралы айтты

Жарияланған күні:

Депутат Абзал Құспан
Депутат Абзал Құспан. Фото: parlam.kz

Депутат Абзал Құспан Талғардағы жантүршігерлік оқиғаға қатысты істің барысы туралы ақпарат берілуі керек екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Депутат іс қалай болып жатқанына қатысты нақты сұрақтарға құқық қорғау органдары жауап беруі керек екенін, осы себептен тергеу құпиялығы туралы 201-бап қаралып жатқанын айтты.

"Мысалы шетелде кез келген осындай қоғамдық резонанс туғызған істер бойынша мейлі, ФБР (ФТБ туралы айтып отыр – авт. ескертпесі) бола ма, полиция бола ма, сол күннен бастап қоғамның алдында есеп беріп отырады. Іс қалай болып жатыр? Кімді қамады? Маңызды мәселе. Кімді қамамады? Қамамаса, не үшін қамамады? Іске қатысты қанша адам? Неге біреуі қамалды, біреуі қамалмады? Қамалмау себебі неде?

Құқық қорғау органдары мүмкіндігінше жауап беруі керек. Осы мәселеде ашықтық керек. Қазіргі таңда осы мәселеге байланысты мәжіліс қабырғасында нормалар қаралып жатыр. 201-бапты қайтадан қарау туралы", - деді ол.

Абзал Құспан кез келген істе "тергеу құпиясы" деп жауап беруден бас тартудан гөрі, қоғамға ашықтық көбірек қажет екенін айтты.

“Құпиялық грифі сақталатын жеке істер бар. Мысалы ұлттық қауіпсіздік, кәмелетке толмаған балаларға қатысты, отбасылық құпияны сақтауға байланысты істер болады. Бірақ осының шегін белгілеу керек.

Ал бізде қазір кез келген тергеуші, учаскелік полиция ауылда тауық ұрланса да, "тергеудің құпиясы" деп жауап беруден бас тартады. Ауылдың бәрі тауықты кім ұрлағанын, қашан ұрланғанын біліп отырады. Сол себепті осы мәселе қайта қаралуы керек", - деді Абзал Құспан.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні болған. Бір топ жас арасында жанжал болып, төбелеске ұласқан. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілді, олардың бірі алған алған жарақатынан жансақтау бөлімінде көз жұмғаны хабарланған болатын. Кейін тәртіп сақшылары күдіктілердің ұсталған сәті түсірілген кадрларды көрсетті.

8 қазанда Алматы облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқарып жатқанын хабарлаған. Тілшіміз оқиға орнына барып, ауыл халқының пікірін біліп келген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172229-qamalmau-sebebi-nede-naqty-zhauap-berilui-kerek-deputat-abzal-quspan-talgardagy-is-turaly-aitty/