Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасау керек пе?": депутат Талғардағы оқиға туралы айтты

Жарияланған күні:

Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің әкесі
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің әкесі. Скриншот: instagram.com/kris_p_talgar

Депутат Нартай Аралбайұлы Алматы облысы Талғар ауданындағы жағдайға қатысты мәселені мәжілісте көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Ол жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді деп, Алматы облысы полициясын сынға алды.

"Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айрылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша "істі ІІМ өз бақылауына алды" деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді?" - деді Нартай Аралбайұлы.

Ол сондай-ақ жасөспірімдердің қатысуымен болатын осындай оқиғалардың жиілеп кеткенін айтты.

"Қоғамды қамықтыратыны сол, соңғы уақытта жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Телеарнаны қосып қалғанда, газет бетін ашып қалғанда, радионы басып қалғанда азаматтар бірі-бірін ұрды, соқты деген ақпараттан көз ашпайтын болдық. Біздің қоғам қайда бара жатыр? деген сұрақтың көпшіліктің көкейінде көлкіп тұруы заңдылық осындайда", - деді ол.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні болған. Бір топ жас арасында жанжал болып, төбелеске ұласқан. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілді, олардың бірі алған алған жарақатынан жансақтау бөлімінде көз жұмғаны хабарланған болатын. Кейін тәртіп сақшылары күдіктілердің ұсталған сәті түсірілген кадрларды көрсетті.

8 қазанда Алматы облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқарып жатқанын хабарлаған. Тілшіміз оқиға орнына барып, ауыл халқының пікірін біліп келген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172240-adildikke-zhetu-ushin-beineundeu-zhasau-kerek-pe-deputat-talgardagy-oqiga-turaly-aitty/