Ақтөбеде жол апатынан ата-анасы мен бауырларынан айырылған жүргізуші 5 жылға сотталды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде жол апаты кезінде бір отбасының бес адамы қаза тапқан қайғылы оқиғаға қатысты сот үкімі шықты. Жүргізуші көзіне жас алды. Сот үкімін тыңдауға өңірдің бір топ полиция қызметкерлері онлайн және офлайн қатысты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жантүршігерлік жол апатына қатысты сот үкімі оқылды.
"Ільяс Қыдыров 1996 жылғы. Тұрғылықты жері Ақтөбе облысы Ойыл ауданы. Білімі жоғары. Хромтау аудандық полиция бөлімінде жұмыс істеген. Үйленбеген. Бұрын сотталмаған. ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен сотқа берілді. Ільяс Қыдыров Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп талынып, оған 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қыдыровқа жаза өтеу орны Қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде тағайындалсын", - деді судья Алтынбек Сабыров.
Үкім оқылған сот залында бір топ полиция қызметкерлері отырды. Сонымен қатар Ақтөбе облысы ПД және 14 полиция бөлімшесінің қызметкерлері сот үкімін онлайн тыңдады.
28 жастағы сотталушы Ойыл ауданының тұрғыны үйленбеген, бұрын сотталмаған. Хромтау аудандық полиция бөлімінің қызметкері болды. Ол туыстары мінген көлікті тізгіндеген. Оған Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігінде "Көлік құралын басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет" бабымен айып тағылды. Сотталушы сөзінде бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұраған еді.
"Ата-анамнан айырылдым, бауырларымнан айырылдым. Бас бостандығымнан айырмауды сұраймын", - деді сотталушы.
Оның қорғаушысы да айыпталушы мен жәбірленуші тараптың жақын адамдар екенін алға тартты.
"Қорғауымдағы Қыдыровқа қатысты іс Қылмыстық кодекстің 345 бабы 4 бөлігімен айыпты деп сотқа берілген болатын. Ол айыпты толық көлемде мойындады. Істеген іс-әрекетіме өкінемін, анамнан, әкемнен, бауырымнан, ағамның екі баласынан айырылдым деді. Бәрі бір туғандар. Соттан бас бостандығынан айырмайтын жазаны сұрадық. Себебі заңда көрсетілген орта дәрежедегі сипат. Орта дәрежеге жатқаннан кейін бас бостандығынан айырмайтын жаза сұрауға мүмкіндік бар. Ағасы кешірім берді. Бас бостандығынан айырмауды өтініп те сұрады. "Бас бостандығынан айырмаңызшы, бауырларымнан, әке-шешемнен айырылдым, осы бауырымнан айырмаңыздаршы" деп сұрады. Бұл қасақана жасалған нәрсе емес, абайсызда болған жағдай", - деді қорғаушы Ғабит Рүстемов.
Сотталушының жақындары сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін, бас бостандығынан айырмауды сұрайтындарын айтты.
Айта кетейік, жүргізушінің ата-анасы, бауырлары қаза болған қайғылы жол апаты биыл 26 тамызда болды. Прокурор айыптау актісінде жол жүру ережесінің сақталмағанын айтып, 5 жыл сұраған еді.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172750-aqtobede-zhol-apatynan-ata-anasy-men-bauyrlarynan-aiyrylgan-zhurgizushi-5-zhylga-sottaldy/