Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елде жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру жүйесіне өзгеріс енгізілмек

Жарияланған күні:

Жүргізуші куәлігі
Көрнекі фото: kolesa.kz

Қазақстанның мамандандырылған ХҚКО-ларында заңбұзушылықтардың алдын алу үшін жаңа рәсім енгізіліп жатыр. Енді емтихан алдында үміткер екі факторлы аутентификациядан өтуі қажет, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Азаматтарға арналған үкімет" сайтына сілтеме жасап.

"Мемлекеттік корпорация жүргізуші куәлігіне теориялық емтихан тапсыру жүйесіне өзгерістер енгізіп жатыр. Енді жүргізуші куәлігіне үміткерлер екі факторлы аутентификациядан өтеді", - делінген хабарламада.

Сайттағы мәліметке сүйенсек, қазақстандықтар енді екі түрлі әдіспен: бірінші SMS хабарламаның көмегімен, екінші биометриялық сәйкестендіру арқылы өзін-өзі растай алады.

Қызмет алушыға тесттен өтпес бұрын 1414 нөмірінен жеке деректерге қатысты сұрау салу туралы хабарлама келеді. Айта кету керек, SMS қолданушының Электронды үкімет порталындағы жеке кабинетіне тіркелген телефон нөміріне жіберіледі. Сәтті авторизациядан кейін қызмет алушы биометриялық сәйкестендіруден өтеді.

"Алаяқтар күн сайын алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып жатыр. Осы орайда біздің қызметкерлеріміз де заңбұзушылықтарды анықтау үшін көп жұмыс атқарып жатыр. Сонымен қатар Мемлекеттік корпорация қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

Ендігі кезекте екі факторлы аутентификацияны енгізу емтихандағы бұзушылықтардың санын азайтуға көмектеседі деп сенемін. Сәйкесінше қызмет алушының деректері де сенімді қорғалады", - деп атап өтті Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Айта кетейік, жаңа бастама әзірге 11 қазаннан бастап Астана қаласында енгізіледі. Ал еліміздің мамандандырылған ХҚКО-да екі факторлы аутентификацияны жыл соңына дейін енгізу жоспарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172871-elde-zhurgizushi-kualigine-emtihan-tapsyru-zhuiesine-ozgeris-engizilmek/