Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астана сотында бұрынғы уақытты қайтару туралы петицияны қарау нәтижесіне қатысты талап арыз қаралды

Жарияланған күні:

Сағат
Сағат. Көрнекі фото: depositphotos.com

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында "Уақытты кері қайтару туралы" петицияны қарау нәтижелерін жарамсыз деп тану туралы талап арыз қаралды. Бұл туралы Астана соттары Telegram-дағы арнасында хабарлады.

Сот мәліметіне сүйенсек, талап қоюшы "Уақытты кері қайтару" петициясын қарау нәтижесін заңсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгініп, онда петицияны қарау мен шешім қабылдауда рәсім бұзылғаны көрсетілген.

"Сот іс құжаттарын зерделеп, келесіні анықтады."Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) талаптарына сәйкес "Уақытты кері қайтару"петициясы тіркелді. Өтініш 50 мың қолдау дауысын жинаған. Өтінішті қарау Сауда және интеграция министрлігіне тапсырылған.

Жұмыс тобын қалыптастыру үшін министрлік өтініш берушіге, парламентке, мүдделі мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестікке жұмыс тобының құрамына енгізу үшін кандидатуралар жіберуді сұрап хаттар жолдаған", - делінген сот хабарламасында.

Парламент мәжілісінің 2024 жылғы 14 маусымдағы хаты бойынша жұмыс тобына қатысу үшін кандидаттар Е.А.Әбіл мен М.А.Әбенов ұсынылған.

"Министрдің 2024 жылғы 21 маусымдағы бұйрығымен петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының құрамы бекітіліп, депутат Е.А.Әбіл жұмыс тобы басшысының орынбасары болып тағайындалған. Жұмыс тобының жұмысы аясында 2024 жылғы 21 маусымда, 16 шілдеде және 2 тамызда 3 отырыс өткен.

2024 жылғы 2 тамызда өтінішті қарау нәтижелері бойынша өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған. Өтініштерді тіркеу, есепке алу мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен іске асырылады", - делінген хабарламада.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 90-6-бабына сәйкес, өтінішті қарау нәтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергілікті өкілді органның төрағасы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

1) өтінішті толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;

2) өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы.

Сот мәліметінше, петицияны қарау және ол бойынша шешім қабылдау рәсімі ӘРПК нормаларымен регламенттелген. Сондай-ақ, петицияны қарау нәтижелері бойынша шешімге дау айту туралы талаптарды қарау кезінде сот оны қарау тәртібі мен мерзімдерінің сақталуына ғана баға береді. Петицияны қарау кезінде рәсімнің бұзылмауына байланысты, сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

"Талап қоюшының белгіленген тәртіпті бұза отырып, отырыстың төрағасы Қазақстан Республикасы мәжілісінің депутаты Е.А.Әбілдің болғандығы туралы дәлелдері сотпен қабылданбады. Себебі Е.А.Әбіл жұмыс тобы басшысының орынбасары болғаны анықталды.

Комиссия құрамын қалыптастыру кезінде қандай да бір бұзушылықтарға жол берілмеген. Сот шағымдалған шешім мен петицияны қарау жөніндегі әрекеттер заңды, мемлекеттік органның құзыреті шегінде жасалған және рәсімдік бұзушылықтар анықталмаған деген қорытындыға келді", - делінген хабарламада.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2172936-astanada-buryngy-uaqytty-qaitaru-turaly-petitsiny-qarau-natizhesin-sot-zangdy-dep-tanydy/