Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ағаш материалдардың арасына жасырған": Шымкентте түрмеге 24 телефон өткізбек болған күдікті анықталды

Жарияланған күні:

Күдікті түрмеге өткізбек болған заттар
Күдікті түрмеге өткізбек болған заттар. Фото: Polisia.kz

Шымкентте темір торға тыйым салынған заттарды өткізбек болған заң бұзушы анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша жоғары №53 мекемесінде болған. Құқықтық тәртіп әскері сақшылары мен ҚАЖ қызметкерлерінің қырағылығының арқасында күдіктінің жымысқы әрекеті жүзеге асқан жоқ. 

10 қазанда сағат түскі 14:00 шамасында қызметін қырағы атқарып тұрған екінші атқыштар ротасының көлікті бақылап тексеру пунктінің кезекшісі ефрейтор Нұрғали Ислямов, қарауыл бастығының кинологиялық қызмет бойынша көмекшісі ефрейтор Нұрсұлтан Кермаш және сақшы сарбаздар қатардағы Архат Сламжанов пен Думан Әбдісаттаров №53 мекеме қызметкерлерімен бірлесіп бақылау-өткізу пунктіне құрылыс материалдарын алып келген ГАЗель автокөлігін арнайы құралмен тексере бастаған.

"Оның әкелген ағаш және фанер тақталары жай ағаш болмай шықты. Тақтайлардың арасына күдікті заттар жасырылған екен. Бұны сақшылар бірден байқап, тиісті адамдарға хабар берді.

Көліктегі күдік тудырған заттардың арасында 24 телефон, 7 SIM-карта, 4 Airpods құлаққабы, 4 сымды құлаққап және 7 қуаттағыш құрылғы табылды. Күдікті тыйым салынған заттарды ағаш материалдардың арасына мұқият жасырыпты. Алайда қырағы көз қызметкерлер мұның өзін мүлт жібермей, дер кезінде анықтаған", - делінген полиция хабарламасында.

Аталған факті бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп, көлік жүргізушіні заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қарастырылып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173302-agash-materialdardyng-arasyna-zhasyrgan-shymkentte-turmege-24-telefon-otkizbek-bolgan-kudikti-anyqtaldy/