Қазақстанда Telegram кеңсесі ашылады
Жарияланған күні:
Читать на русскомЦифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Telegram-мен олардың Қазақстандағы өкілін тағайындау және кеңсе ашу туралы келісімге келгенін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап хабарлайды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі сайтында министр Жаслан Мадиев АҚШ Сауда палатасымен және Meta мен Apple сияқты ірі америкалық компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізгені жарияланды.
Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, кездесулерде мәліметтер қауіпсіздігі, жалған аккаунттармен күрес және пайдаланушыларды қорғауға қатысты маңызды мәселелер талқыланған. Бұл тақырыптар қазақстандықтардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше маңызды.
"Біз, сондай-ақ, Telegram платформасымен заңсыз контентті жедел жою және деструктивті арналарды бұғаттау бойынша белсенді түрде ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Біздің заңнамаға сәйкес, енді Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет-платформалар Қазақстанда өз өкілін тағайындауға міндетті. Telegram-мен олардың өкілін тағайындау және кеңсе ашу туралы келісімге қол жеткізілді — бұл контентті бақылауды арттыруға бағытталған маңызды қадам", - деді Жаслан Мадиев.
Сонымен қатар министрлік Meta компаниясымен алаяқтық схемаларға қарсы күрес жұмыстарын бастап жатқаны мәлім болды.
"Интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл — ортақ күш-жігерді қажет ететін жаһандық міндет. Meta өкілдері Қазақстан тап болып отырған интернет алаяқтық көптеген елдер үшін ортақ проблема екенін атап өтті. Соңғы тоқсанда Meta жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, әлем бойынша 1,2 миллиард жалған аккаунтты бұғаттады", - делінген хабарламада.
Цифрлық даму министрлігі қазақстандықтардың цифрлық платформаларда қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді инфрақұрылымды құру үшін халықаралық серіктестермен жұмысын жалғастыратынын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173920-qazaqstanda-telegram-kengsesi-ashylady-dep-zhosparlandy/