Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысында келініне бейәдеп сөздер айтқан әйел қамауға алынды

Жарияланған күні:

Сот
Көрнекі фото: Sputnik / Екатерина Чеснокова

Қызылорда облысының тұрғыны келініне балағат сөздер айтқаны үшін жазаланды. Бірнеше күн қамауға алынғанымен қатар, оған ішімдік ішуге тыйым салынды, деп хабарлайды облыстық сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Cоттың Telegram-дағы ресми арнасында пайда болған ақпаратқа сәйкес, Арал аудандық сотында азаматша Б.-ға қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73-бабының 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Сотта анықталғандай, азаматша Б. үйіне алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде келген. Ол отбасындағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiп, келініне балағат сөздер айтқан, сондай-ақ, мазасын алып, жанұя шырқын бұзған.

Ол бұған дейін 2024 жылдың 11 сәуірінде осы тектес әрекеті үшін ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылып, ескерту алса да, еш нәтиже шығармай, құқықбұзушылықты қайталап жасаған.

"Сотта жәбірленуші мұндай жағдай жиі болып тұратынын айтып, оған жаза қолдануды сұраған. Б-ның құқықбұзушылық әрекеті өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, сондай-ақ сотта зерттелген іс құжаттарымен толық дәлелденген", - делінген хабарламада.

Сот қаулысымен Б. жоғарыда аталған баппен кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар АПБ-нің ерекше талап белгілеу туралы ұсынысы қанағаттандырылып, Б-ның мінез-құлқына 3 ай мерзімге алкогольдік ішімдік ішуге, есірткі, психотроптық заттарды қолдануға толық көлемде тыйым салуды міндеттейтін ерекше талап белгіленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174143-qyzylorda-oblysynda-kelinine-beiadep-sozder-aitqan-aiel-qamauga-alyndy/