Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүрек тұсына пышақ сұққан": Шымкентте жасөспірімді өлтіруге оқталған азамат сотталды

Жарияланған күні:

Пышақ ұстап тұрған ер адам
Пышақ ұстап тұрған ер адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Шымкентте жасөспірімді пышақтап, оны өлтіруге оқталған адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық соттың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында көрінеу кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталды деп айыпталған М.-ға қатысты қылмыстық іс ашық сот отырысында қаралды.

"2024 жылы 29 маусымда М. Шымкент қаласында алкогольдік ішімдік ішкен масаң күйде болып, өзара бас араздық салдарынан 2010 ж.т. кәмелетке толмаған жәбірленуші А.-ның жүрек тұсы аймағына пышақ сұғып, оның денсаулығына ауыр зиян келтірген. Содан М. жәбірленушінің мойын тұсына екінші рет пышақ ұрмақшы болғанда, жанында болған адамдардың кедергі келтіруіне байланысты, сотталушы өзінің қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізе алмаған", - делінген сот хабарламасында.

Сот тұжырымы жәбірленушінің, куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа іс материалдармен қуатталады.

Кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі сотталушыны кешіріп, жазаны жеңілдетуді сұраған.

"ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінде 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, алайда ҚК-нің 56-бабының 3-бөлігіне сай, қылмысқа оқталғаны үшін жаза мерзімі осы қылмыс үшін көзделген ең жоғарғы мерзімнің ¾ аспауы қажет.

Сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде, жасаған қылмысына өкінуін, асырауында жасөспірім балаларының болуы, жәбірленушінің кешірім бергені, моральді және материалды зиянды өтеуі танылған, ал ауырлататын мән-жай ретінде қылмысты алкогольді масаң күйде жасағаны танылған", - делінген сот хабарламасында.

Сот М.-ды ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағымен кінәлі деп танып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174146-zhurek-tusyna-pyshaq-suqqan-shymkentte-zhasospirimdi-oltiruge-oqtalgan-azamat-sottaldy/