Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бастарыңа түспей ме": марқұм Шерзат Болаттың әжесі жанайқайын жеткізді

Жарияланған күні:

Талғарда қаза болған жасөспірім
Шерзат Болат. Видеодан кадр: КТК

Кеше желіде Талғарда Шерзат Болат қаза болған күні видеобақылау камерасына жазылып қалған бейнежазбаның үзінділері жарияланды. Видеода марқұмның әкесінің пышақ ұстап тұрған тұсы таспаланған. Шерзаттың әжесі осы видеоға қатысты пікір білдіріп, жағдай түсініксіз болып отырғанын, балалары кінәлі емес екенін жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Марқұм Шерзаттың әжесінің видеосы Instagram-дағы Almaty.official парақшасында жарияланды.

"Бізді осы дәрежеде қорлайтындай біз не жаздық бұларға? Не кінәміз болды? Біз олардан пиво сұрап, арақ сұрап, үйлеріне, магазиндеріне барғанымыз жоқ қой. Олар кінәлі адамдар емес пе, өздері келіп, өздері тиісіп, өздері бастап тұр", - деді ол.

Сонымен бірге ол ақ-қарасын халыққа шешуді тапсыратынын айтты.

"Аққа құдай жақ" деген, бірақ менің балаларым адам өлтірген жоқ. Адамның қанын ішкен жоқ. Өздеріңнің намыстарың білсін. Халқым, осының ақ-қарасын өздерің шешіңдер.

Адамды перзентінен айырмасын, "атам" десе де, "ботам" деп жылатпасын. Өздеріңнің бастарыңа түспесе, түсінбейтін адамдар болуларың керек. Түсінгенде мынадай қайғы көріп отырған адамдарға бұлай тиіспес едіңдер, адамның ұясы бұзылмасын. "Оралман" деп, "сырттан келгендер" деп осындай дәрежеге әкеліп отырған болсаңдар, мен қаңғып келген адам емеспін. Өзімнің атамекеніме, жұртыма, еліме көшіп келген адаммын. Мен 89-да көшіп келген адаммын.

Менің бала-шағам осы жерде туылды, қаны осы жерде тамды, осы жерде саналы азаматтар болып өсіп жатыр. Бәрінің құжаты бар, Қазақстан азаматы мен азаматшалары, ел елегінен өткізіп, сабырға келіп, ақ-қарасын, не болып жатқанына ақыл қосасыңдар ма, қаралайсыңдар ма, өздерің білесіңдер.

Мынау түсініксіз жағдай, қатты түсініксіз жағдай, менің балам өліп ауруханада жүрдім, моргта жүрдім, баламды қоям деп жүрдім. Сол аралықты пайдаланып, осындай видео шығарғанда, жоқ боп кеткен кезде видеоларды өздеріне ыңғайластырып қосып жатқан азаматтардың бастарына берсін осы күнді. Басқа айтар сөзім жоқ", - дейді марқұм Шерзат Болаттың әжесі.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174295-bastarynga-tuspei-me-marqum-sherzat-bolattyng-azhesi-oqiga-bolgan-kunnen-taragan-videodan-keiin-zhanaiqaiyn-zhetkizdi/