Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Болмаса басқа мемлекетке бала-шағамды алып кетейін": марқұм Шерзаттың әкесі президенттен көмек сұрады

Жарияланған күні:

Қаржаубай Нұрымов
Қаржаубай Нұрымов. Видеодан кадр: youtube.com/@etokzdetka

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов тағы бір видеоүндеу жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қаржаубай Нұрымовтың видеоүндеуі Instagram-дағы Almaty.official парақшасында жарияланған.

"Мен бұл жерде ақталып тұрғаным жоқ. Немесе баламды, інімді ақтап тұрғаным жоқ. Шыны керек, бұл қайғы-қасіреттен шаршадым. Мен тек әділ сот болғанын қалаймын. Егер менің кінәм болса, мені кінәласын, бауырымның кінәсі болса, бауырымды кінәласын. Менің баламды өлтірген адам әділ жазаға кесілсін. Келген жігіттерге де, барлығына ақты ақ деп, қараны қара деп айттым. Баламның жарақаттарын да жасырмақшы болды. Ештеңеге таңғалмаймын қазір.

Сол үшін өтініп сұрайтыным, ешқандай митинг, көтеріліс болып, менің отбасымды қаралаудың қажеті жоқ. Егер менің баламды өлтірген адамдардың әкелері ер азамат болса, алдыма келер еді. Тиктокта немесе Инстаграмда үлкен кісілерді алдыға салып қойып, болмаса әйел адамдарды жіберіп, мұндай әңгімеге бармайтын едік.

Сол себепті менің айтатыным, біздің президенттен, министрден сұрайтыным – отбасыма тыныштық беру және отбасымды бұл Алматы қаласынан аман-есен алып шығып кетуім керек. Соттың созылатыны айдан анық, мәлім. Мен тек заңгерлеріме сенемін қазір.

Олардың да бала-шағасы бар. Мен өзім үшін қорықпаймын. Атып кетсе де, пышақтап кетсе де, соттатып жіберсе де. Тек отбасымның амандығы керек. Алматыдан, Алматы облысынан алып кеткім келеді. Қорқып тұрғаным жоқ, президенттен көмек сұраймын...", - деді ол.

Сонымен бірге ол президенттен көмек сұрап, елден кеткісі келетінін айтты.

"Біз қан төксек, "қанішер" деп айтсаңыздар болады. Мен қан төкпеймін. Менің басымда болып жатқан жағдай, менің қарындасым, әйелім, анам қалай жылағанын көрсеңіздер, сол кезде түсінесіздер. Сондқтан ана жыламау керек. "Анам, әкем" деп жылау бір бөлек, "ботам" деп жылаған ол бір бөлек.

Ақылға салып, сабырға келейік. Қазақ болғаннан кейін бірде бір қазақтың қаны ақпасын деймін. Айтарым осы, "соттаймыз" десеңдер соттаңдар. "Атамыз, өлтіреміз" десеңдер, өлтіріңдер. Бірақ Қазақстанда әділетті шешім шықпайтынына көзім жетті. Бір ғана сұрайтыным, қазақ елінде ешқандай қантөгіс болмасын. Президенттен сұрайтыным, отбасымды аман есен алып кетейін. Болмаса басқа мемлекетке бала-шағамды алып шығып кетейін", - деді Шерзаттың әкесі.

Айта кету керек, аталған мәселе бойынша NUR.KZ порталы құзырлы органдарға сұрау салды.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174323-adiletti-sheshim-shyqpaitynyna-kozim-zhetti-marqum-sherzat-bolattyng-akesi-elden-ketkisi-keletinin-malimdedi/