Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мүгедек жандарға арналған құрал-жабдықтар мен оңалту қызметтері: қазақстандықтар тағы қандай көмек ала алады

Жарияланған күні:

Мүгедектер арбасындағы жас жігіт жаттығу жасайды
Көрнекі фото: depositphotos.com

Әлеуметтік қызметтер порталы, мүгедек адамдарға арналған құралдар мен оңалту қызметтері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған ҚР Еңбек министрлігінің жобалары туралы NUR.KZ тілшісі әңгімелейді.

Бүгінде Қазақстанда 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Мүгедек жандарды әлеуметтік қолдау және оларды қоғамдық өмірге белсенді тарту мақсатында елімізде мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылып жатыр.

Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілді, оның ішінде: мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау, әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, жұмысқа орналастыру.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарының өндірушісі мен жеткізушісін және оңалту қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Портал тауарлар мен қызметтерді ұсыну процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Есту және көру қабілеті нашар адамдар үшін порталдың қолжетімді мобильді нұсқасы енгізілді.

Порталдың енгізілуі 461 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етті. Портал оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау көрсеткішін 93 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, 200 мыңға жуық азамат гигиеналық құралдармен, 46 мыңнан астам көру мүмкіндігі шектеулі жандар тифлотехникалық құралдармен (16 түр), сондай-ақ есту қабілеті бұзылған адамдар аудио-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. 73 мыңнан астам азамат протездік-ортопедиялық көмекпен қамтылған. Тірек-қимыл аппараты бұзылған 18 мың адамды арнайы көлікпен қамтамасыз етті.

Елімізде бірінші топтағы мүгедектігі бар 29 мыңнан астам адамға жеке көмекшілердің, сондай-ақ ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады.

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін 35 оңалту орталығы жұмыс істейді. Орталықтар Семей және Тараз қалаларында ашылған (150 орын). Биыл Түркістан облысы Кентау қаласындағы орталықтың құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Қамқорлық қоры", "Samruk-Kazyna Trust" корпоративтік қорларымен, "Қазақстан халқына" қоғамдық қорымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аутизмге шалдыққан балаларға арналған күндізгі күтім орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізуде. Еліміздің алты өңірінде аутизм спектрі бұзылған және басқа да ментальдық бұзушылығы бар балаларға (Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Қостанай облыстары, Шымкент қаласы) арналған күндізгі болу орталықтары ашылды.

Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Қазақстан халқына" қоғамдық қорымен ынтымақтастығы аясында еліміздің төрт өңірінде "Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту" пилоттық жобасын жүзеге асыруды бастады. Пилоттық жоба 4 өңірді қамтиды: Абай, Қызылорда, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласы.

Еңбек министрлігі тұтастай алғанда арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дәйекті түрде қайта құруды іске асыруда. 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметін міндетті лицензиялау нормасы заңнамалық тұрғыдан бекітілетін болады.

2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қаржыландыру енгізілуде, бұл жеке бизнесті тартуға ықпал етеді. Аталған шара арнаулы қызмет көрсететін ұйымдардың желісін кеңейтуге және оларды шалғайдағы ауылдық елді мекендерге жеткізуге мүмкіндік береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174334-mugedek-zhandarga-arnalgan-qural-zhabdyqtar-men-ongaltu-qyzmetteri-qazaqstandyqtar-tagy-qandai-komek-ala-alady/