Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шерзат Болаттың ісі бойынша барлығы қанша адам қамауға алынып, тергеліп жатқаны белгілі болды

Жарияланған күні:

Әленов Бауыржан
Бауыржан Әленов. Скриншот: Youtube/Алматы облысының өңірлік коммуникация қызметі

Қазақстан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Шерзат Болаттың ісі бойынша барлығы қанша адам қамауға алынып, тергеліп жатқанын жария етті. Бұл туралы Қонаев қаласында 15 қазан күні өтіп жатқан брифинг барысында айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Брифингте әр журналиске екі сұрақтан қоюға мүмкіндік берілді.

Брифинг барысында жанжалдың туындауына не себеп болды, не себепті түнде ішімдік сатылуға жол берілді, қылмыстық топқа қатысты таралған ақпар қаншалықты рас болуы мүмкін, өрт қасақана қойылуы мүмкін бе деген сұрақтар қойылды.

Әленов шулы іс бойынша қанша адам қамауға алынып, тергеліп жатқанын айтты

"Бірден жеті күдікті ұсталып, қамауға алынды. 13 қазанда біз тағы үш күдіктіні қамауға алдық. Олар - видеода түрі көрінген адамдар, Фольксваген Гольфты басқарған адам. Тағы жақын маңда тұрған екі адам келді, олар да қылмыстық іс аясында тергеліп жатыр", - дейді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

Ол күдіктілер саны 13 емес пе деген журналист сұрағына, видеода жүзі көрінген барлық күдікті қамауға алынғанын алға тартты.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174516-sherzat-bolattyng-isi-boiynsha-barlygy-qansha-adam-qamauga-alynyp-tergelip-zhatqany-belgili-boldy/