Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Желіде аты аталып жүрген Хасан Қасымбаевтың Талғар ісіне қатысы бар-жоғы айтылды

Жарияланған күні:

Қару
Қару ұстаған адам. Көрнекі сурет: Александр Поташев / Getty Images

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов желіде аты аталып жүрген Хасан Қасымбаевтың бұл қылмыстық іске ешқандай қатысы жоғын айтты. Бұл туралы ол бүгін өткен брифингте айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Қылмыс болғаннан кейін полицияға шақыру түсті. Шақырту түскеннен кейін 8 минуттан соң полицейлер оқиға орнына келді. Төбелестің мән-жайы толық зерттеліп, баға беріледі", - деді Бауыржан Әленов.

Журналист ішкі істер министрінің бірінші орынбасарынан Хасан Қасымбаевтың бұл іске қандай қатысы барын сұрады.

"Хасан Қасымбаевтың бұл қылмыстық іске ешқандай қатысы жоқ", - деп жауап берді Әленов.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174544-zhelide-aty-atalyp-zhurgen-hasan-qasymbaevtyng-talgar-isine-qatysy-bar-zhogy-aityldy/