Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"ЖІӨ 4 пайызға жетті": Бектеновке ел экономикасындағы 9 айдың қорытындысы баяндалды

Жарияланған күні:

Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысы
Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысы. Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша осы жылдың 9 айында ЖІӨ өсімі 4 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш негізінен ауыл шаруашылығы (+11,4 пайыз), құрылыс (+10,1 пайыз) және сауда (+6,3 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (+4,8 пайыз) салаларындағы оң серпінмен қамтамасыз етілген. Аталған кезеңде мұнай өндіру көлемі төмендеп кетті.

Премьер-министр мұнайдан тыс секторлардың есебінен экономиканың өсуі мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес экономиканы әртараптандыру шараларының жалғасып жатқанын көрсететінін атап өтті.

Әкімдіктер мен министрліктердің мақсатты экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізудегі белсенді жұмысының маңыздылығы атап өтілді. Бүгінгі таңда негізгі параметрлер бойынша Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Астана және Шымкент қалаларында тұрақты өсімге қол жеткізілді. Ең төмен көрсеткіштер Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында тіркелді.

"Артта қалған салаларды жеделдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, күнделікті мониторинг жүргізу керек. Әкімдіктер өңдеу өнеркәсібін қолдауға, сондай-ақ құрылыс пен сауданы ынталандыруға баса назар аударуы қажет. Мұнда үлкен резервтер бар", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отырыста негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. 9 айдың қорытындысы бойынша 11 өңір жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізген жоқ.

"Салалық министрліктер мен әкімдіктер өнімді сату нарықтары мен экспорттық тауарларды кеңейту үшін кәсіпкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетуге тиіс. Өндірістерді Қазақстанға көшіру үшін шетелдік кәсіпорындарды іздеп тауып, осында орналасқан өндірістерде локализацияны арттыруға жәрдемдесу керек. Жылдың соңына дейін негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша нысаналы индикатордың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бәріңізге осындай міндет қойып отырмын", - деп тапсырған Олжас Бектенов, өңдеу секторы, агроөнеркәсіп, көлік және логистика, сондай-ақ сумен және электрмен жабдықтау салаларын ерекше назарға алу керегін атап өтті.

Сыртқы істер министрлігіне инвестиция тарту жұмысын күшейтіп, оның нәтижесі мен проблемалық мәселелерді Инвестициялық штаб отырыстарына ай сайын ұсынып отыруы міндет етіп қойылды.

Қаражатты игеру бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаржылық тәртіпті күшейту тапсырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174604-zhio-4-paiyzga-zhetti-bektenovke-el-ekonomikasyndagy-9-aidyng-qorytyndysy-baiandaldy/