Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талғардағы қылмыс: ІІМ өкілі ұсталғандардың полицейлермен туыстық байланысы бар-жоғын айтты

Жарияланған күні:

Читать на русском
Полицей
Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша өткен брифингте ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов ұсталғандар мен жергілікті құқық қорғау органдары өкілдерінің арасындағы байланыс болуы мүмкін деген қауесетке қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

ІІМ басшысының бірінші орынбасары Бауыржан Әленов түнгі уақытта дүкенде алкогольдік өнімдер сатылғаны және онда пробациялық бақылаудағы адамдардың болғанына қатысты тексерулер тағайындалғанын айтты.

"Алкогольді ішімдіктерді сату фактісі бойынша, сондай-ақ пробациялық бақылаудағы адамдардың түнде болғанын негізге ала отырып, әрқайсының іс-әрекеті кейінірек анықталып, баға беріледі", - деді Бауыржан Әленов.

Сонымен қатар ол ұсталғандардың жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдерімен достық немесе туыстық байланыстары бар-жоғын анықтау мақсатында тексеру жүргізілгенін, нәтижесінде мұндай байланыстар анықталмағанын айтты.

Айта кетейік, брифингте Қонаевта Шерзат Болаттың ісі бойынша "жойылды" деген видео БАҚ өкілдеріне көрсетілді. Ішкі істер министрінің тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Айысов видеоның әр кадрына жеке тоқталып түсіндірді.

Сонымен қатар Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі ашық түрде онлайн режимде өтуі мүмкін екенін айтты.

Прокурор Берік Адамов марқұм Шерзат Болаттың өртенген үйінің маңында қолғап пен канистр табылғанын мәлім етті.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174615-talgardagy-qylmys-iim-okili-ustalgandardyng-politseilermen-tuystyq-bailanysy-bar-zhogyn-aitty/