"Қауіп барын білмедік": Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйдің өртенуіне неге тосқауыл қойылмады
Жарияланған күні:
Читать на русскомӨңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының прокуроры Берік Адамов полицейлер неге марқұм Шерзат Болаттың үйін өртеудің алдын алмағанын түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Берік Адамовтың айтуынша, қаза тапқан жасөспірімнің отбасын қорғау мәселесі өрт қою алдында да талқыланған.
"Олар үй маңын патрульдеу туралы өтініш берді, патруль қойылды. Бірақ патрульдеу – полиция қызметкерлерінің көшені тексеру кезінде жүргізіледі. Олар тергеушіге арызбен жүгініп, кешкі сағат жеті-сегізге дейін өтініш берген. Өрт бес сағаттан кейін, түнгі сағат бірде болды", - деді Алматы облысының прокуроры.
Ол қауіпсіздік күзеті объектіге емес, адамға қойлатынын баса айтты.
"Бұл үйдің қайда екенін тергеу органдарына ешкім айтпаған. Қайғылы жағдай, марқұмның үйі атасы тұратын жерде болған, дүкен де сол жерде. Патрульдеу сол жерде болды, біз мұны растай аламыз. Қандай да бір қауіп-қатер барын білмедік. Үйдің өртену себебін әзірге айта алмаймыз", - деп түсіндірді Берік Адамов.
Алматы облысының прокуроры қазіргі уақытта бірінші арыз қаралып, қанағаттандырылғанын атап өтті.
"Жәбірленушілердің туыстары мен жақындары тәулік бойы күзет қорғауында, мен олардың жағдайын түсінемін, қорытынды жасауға асықпау керек. Біз сарапшылардың қорытындысын күтуіміз керек. Үйді өртеген адамдарды анықтау үшін барлық қажетті шара жүргізіп жатқан тергеу тобына кедергі келтірмеуіміз керек", - деді Берік Адамов.
Спикер өрт қою дерегі бойынша 600-ге жуық адамнан жауап алынып, тиісті сараптамалар тағайындалғанын айтты.
Айта кетейік, брифингте Қонаевта Шерзат Болаттың ісі бойынша "жойылды" деген видео БАҚ өкілдеріне көрсетілді. Ішкі істер министрінің тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Айысов видеоның әр кадрына жеке тоқталып түсіндірді.
Сонымен қатар Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі ашық түрде онлайн режимде өтуі мүмкін екенін айтты.
Прокурор Берік Адамов марқұм Шерзат Болаттың өртенген үйінің маңында қолғап пен канистр табылғанын мәлім етті.
Талғардағы Шерзат Болат қазасы
Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.
Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.
Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174622-qauip-baryn-bilmedik-sherzat-bolattyng-otbasy-turgan-uiding-ortenuine-nege-tosqauyl-qoiylmady/