Депутат Тұрлыхановтың ұлы тағы да сот алдында жауап береді
Жарияланған күні:
Читать на русскомМәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат пробациялық бақылауды елемей, қыдырып салтанатты шараға барғаны видеоға түсіп қалған еді. Енді ол сот алдына қайта келеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі сотқа сілтеме жасап.
Соттың баспасөз қызметі Нұрасыл Болат ісі бойынша материалдар сотқа келіп түскенін хабарлады. Істі Медеу ауданының №2 соты қарайды.
Алайда сот отырысының уақыты әлі белгіленген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 14 қазанда желіде мәжілісмен Тұрлыхановтың Нұрасыл Болат пробациялық бақылауды елемей, түнде қыдырғаны үшін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ҚАЖД өкілдері айтты.
Кеше, 16 қазанда депутат Дәулет Тұрлыханов "21 жастағы баласының өмір көрмегенін, әлі жас екенін" айтқан еді.
Сонымен қатар ол баласының әрекеттері бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға негіз бола алмайды деп санайды.
Нұрасыл Болат ісі
Айта кетейік, бұған дейін заңгер Анна Чернова мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлаған еді. Кейін Қорғаныс министрлігі полиция жігітті тауып, қызмет орнына жеткізілгенін мәлімдеді.
Анна Чернова Тұрлыхановтың ұлына қатысты қозғалған істе жәбірленушінің бірі болып саналады.
Биыл ақпан айында Анна Чернова (Димитриевич) күйеуі екеуі қызды ұрып жатқан жас жігітті тоқтатпақ болғанда өздері соққыға жығылғанын мәлімдеген.
Кейін адвокаттар өздеріне шабуыл жасаған белгілі спортшы, қазіргі депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы екенін білген.
Сол кезде Алматы полиция департаменті бұл факт Қылмыстық кодекстің 293-бабы – "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін, күдікті әскери адам болғандықтан, іс материалдары қалалық прокуратураға берілгенін хабарлаған болатын.
Сондай-ақ оқиғаға қатысты Дәулет Тұрлыханов та пікір білдіріп, ұлының кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес жауап беретінін мәлімдеген еді.
Бұдан бөлек, оқиғаға қатысты Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев пікір білдіріп, іс бойынша шешімді сот шығаратынын, күдікті заңда белгіленген тәртіппен жазасын алатынын атап өткен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2175642-deputat-turlyhanovtyng-uly-tagy-da-sot-aldynda-zhauap-beredi/